ЖАҢАЛЫҚТАР,  саясат,  спорт,  экономика

Жетісай ауданында «Ақ керуен -2018» агрошарасы ұйымдастырылды

Бүгін Асықата кентінде Жетісай және Мақтаарал ауданындарының ұйымдастыруымен  «Ақ керуен – 2018» агрошарасы өтті.  Аталған жиынға  Жетісай ауданының  әкімі Жамантай Бейсенбаев, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

«Ақ керуен-2018» шарасы былтырғыдан өзгеше ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламамен түңлігі түрілген жиынды Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев сөз сөйлеп ашып, жиналғандарды күзгі жиын-терім науқанын жоғары деңгейде ұйымдастыруға  шақырды.

« Құрметті жерлестер, қадірменді шаруалар мен зауыт басшылары! Сіздерді бүгінгі «Ақкеруен-2018» агрошарасымен шын жүрекпен құттықтаймын. Биыл Жетісай ауданы үшін өте табысты жыл болды. Ауыл шаруашылық саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктеріміз бар. Бұл осы өңірдің еңбекқор шаруаларының арқасы. Енді міне, күзгі мақта жинау науқаны басталды. Биыл Жетісай ауданында 48 мың гектар аумаққа мақта егілсе, шаруаларымыз орта есеппен мақтаның әр гектарынан 25-30 центнер төңіренінде өнім алуды жоспарлап отыр. Былтырғы жылы іріленген Мақтарал ауданында 95 мың гектар жерге мақта егіліп, 280 мың тоннаға жуық өнім жиналса, биыл да Жетісай мен Мақтаарал аудандары осы межеден көрінеміз деген болжам бар», – деді Жамантай Қанайұлы.

Айта кететін жайт, биыл аудан шаруалары ағын судан тапшылық көрген жоқ. Өзбекстаннан «Достық» каналы арқылы келетін ағын судың азайған көлемін машиналық насостық канал толықтырып отырды. Сондай-ақ, биыл мақта егістіктерін  химиялық емес, биологиялық әдіспен өңдеу жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында биыл аудандағы  мақта алқаптары  зиянкестерден аса қатты зиян шеккен жоқ. Яғни, былтырғы қателіктер қайталанған жоқ. Ендігі мақсат – ақ алтынды шашпай, төкпей жинап алу. Жиналғандары осы іске жұдырықтай жұмылуға шақырған аудан әкімі мақта бағасын көтеру жөнінде де зауыт басшыларына ұсыныс білдірді.

Бүгінде шаруаларды мақта бағасы алаңдатып отырғаны жасырын емес. Сондықтан осы жиынға қатысқан зауыт басшыларын мақта бағасын нақтылау ісінде салиқалы тоқтам жасайды деген үміт бар. Ал әзірге мақтаның бір келісі 170 теңгеден қабылданып жатыр.

Шара соңында қос ауданның басшысы мақта зауытын аралап көріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тілесті.

(с)  Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі  

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған