ЖАҢАЛЫҚТАР

Балықшылар балық аулап жарысты

Жетісай аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында 2 күндік балық аулау сайысы өтті. Жарысқа Түркістан облысының түкпір-түкпірінен 30-ға жуық команда мен 100-ге жуық балықшы қатысты.

Сайыс Шардара су қоймасының жағалауында өтті. Білек сыбана кіріскен  балықшылардың  қармағына бұл күні су жануары айтарлықтай дес бере қоймады. Мамандардың айтуынша бұған ауа-райының күрт төмендеуі себеп болған. Соған қарамастан балықшылардың меселі түспеді. Алғашқы балық 20 қазан күні түнгі сағат 22-00 шамасында қармаққа ілініп, аудандық білім бөлімінің қызметкерлерінен жасақталған «Батыл» командасы есеп ашты.

Осылайша, жарыстың қорытындысы бойынша  «Нұрлы әлем» командасы жеңіске жетіп, балық аулау құралдары мен 30 мың теңге сыйақы табыс етілді. Келесі жүлделі орын «Батыл» командасына бұйырып, балық аулауға қажетті құрал-саймандар мен 25 мың теңге сыйақы берілді. Ал, 3 орынды сарыағаштық «Алтын балық» командасы қанжығалап, 20 мың теңге мен құрал-саймандар алды. Сайысқа «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Жетісай аудандық бөлімінің басшысы Алладин Мырзаханов қаржылай демеушілік көрсетті.

Тартысты әрі қызықты өткен жарыс алдағы уақытта да жалғасын табады.

«ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған