әлеумет

ДЕНСАУЛЫҒЫМЫЗДЫ ОЙЛАСАҚ – ҚАҒАЗ ҚАЛТАҒА КӨШЕЙІК

БАЛА КҮНІМІЗДЕ АНАМЫЗДЫҢ ҚОЛЫНАН ҚОЛДАН ТІГІЛГЕН МАТА СӨМКЕНІ КӨРГЕНДЕ ЖҮЗІМІЗ ЖАЙРАҢ ҚАҒА ҚУАНУШЫ ЕДІК. ӨЙТКЕНІ, СОЛ СӨМКЕМЕН БАЗАРҒА БАРЫП, ҮЙГЕ КЕРЕКТІ ЗАТТАРҒА ҚОСА ТӘТТІЛЕРДІ ӘКЕЛЕТІНІН БАЛАҢ ЖҮРЕГІМІЗ СЕЗЕТІН-ДІ. АНАЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚАНТ, НАУАТТАРДЫ САЛЫП ҚОЯТЫН БӨЛЕК ҚАЛТАША ТІГІП ҚОЯТЫНЫН ДА КӨЗІМІЗ КӨРДІ. АЛ БҮГІНДЕ БАЗАРҒА НЕ ДҮКЕНГЕ БАРАТЫН ЖҰРТ СӨМКЕ ІЗДЕМЕЙДІ. ДҮКЕНДЕРДІҢ БАРЛЫҒЫНДА САТЫП АЛҒАН ТАУАРЫҢЫЗДЫ ТЕГІН ПОЛИЭТИЛЕН ПАКЕТ НЕМЕСЕ ЦЕЛЛОФАНҒА САЛЫП БЕРЕДІ. ҚОЛДАНУҒА ҚОЛАЙЛЫ БОЛҒАНДЫҚТАН МҰНДАЙ ДОРБАЛАРДЫ ҮЙДЕ ДЕ, ТҮЗДЕ ДЕ КӘДЕМІЗГЕ ЖАРАТАТЫНЫМЫЗ РАС. АЛАЙДА, ОНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ТИГІЗЕР ЗАЛАЛЫН ОЙЛАНА БЕРМЕЙМІЗ.

Соңғы кездері баспасөз беттерінде полиэтилен пакеттердің зияны туралы жиі жазылып жүр. Мәселен, осы жылдың басында республикалық «Түркістан» газетінде «Қазаққа қағаз сөмке жат емес» атты тақырыптағы мақала жарық көрді. Онда журналист Анар Лепесова былай деп жазады: «Ғалымдардың дерегінше, орташа есеппен 20 минут қана пайдаланылатын полиэтилен пакеттер 400 жылға дейін шірімей жата беретін көрінеді. Яғни, бір реттік дорбалар төрт ғасыр бойы жер қойнын ластап, жегі құртша топырақ құнарын жейді. Одан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай арылу қиын. Көзін құртпасаң – түскен жеріне зиянын тигізеді, өртесең – жану кезінде ауаға аса улы органикалық қосындылар бөліп шығарады. Ал күлінде ауыр металдар бар. Әуелі шөпке, шөптен – малға, малдан – адам ағзасына түскен ауыр металл қатерлі ісікке себепкер деседі. Мамандардың айтуынша, әлемдегі әрбір құстың жемсауында пластикалық қалдық бар. Бір жылда бір миллионға жуық құс полиэтилен қалдығын жеп өледі екен. Осындай қалдықтар оны қорекке ұқсатып қылғыта беретін қаншама жан-жануардың түбіне жететінін қаперге алмайтынымыз өкінішті.
Полиэтилен пакеттердің негізгі құрамдас бөлігі – мұнай мен табиғи газ. Оларды дайындауға әлемдік қара алтын өндірісінің 4 пайызы жұмсалатынын біреу білсе, біреу білмес… Егер бір қазақстандық полиэтилен пакеттерді қолданудан бас тартса, жылына 50 литр мұнай үнемдеуге болады екен». Осылайша автор өз мақаласында елімізде «ЭКО пакет» жасау идеясының кезек күттірмейтін мәселе екендігін жазады.
Жақында Грузия елі полиэтилен пакетті қолданудан бас тартты. Жалғыз бұл мемлекет емес, бүгінде әлемнің 40-тан астам елі пластик пакеттерді өндіру мен қолдануға шек қойып үлгерген. Олар полиэтилен пакеттің орнына экологиялық тепе-теңдікті бұзбайтын қағаз пакеттер ұсынды. Мәселен, Латвияда сатып алушыларына бір реттік пластик дорбалар ұсынған сауда орындарына қосымша салық салынады. Бұл шектеу ел бюджетіне қосымша кіріс түсіріп қана қоймай, қоршаған ортаға орасан зиян келтіретін дорбалар қоданысын бірнеше есе азайтқан. Полиэтилен пакеттерді қолдануға түбегейлі тыйым салған елдердің қатарында Аустралия да бар. Бүгінде әлем елдері Аустралияны өз аумағын полиэтилен орамалардан тазартқан ең бірінші мемлекет ретінде таниды. Бұл елде сауда желілерінде полиэтилен қаптамаға оралған тауар сатуға шектеу қойылған.
Дамыған елдердің тәжірибесі осылай болғанымен, басқа өңірді айтпағанда, біздің ауданымызда бәрі басқаша. Біз үшін бүгінде полиэтилен пакеттер – сатып алған тауарымызды діттеген жерімізге жеткізудегі таптырмас құрал. Күнделікті көзбен көріп жүрген үйреншікті құбылысқа үйренген біздерге полиэтилен дорбалардан бас тарту мүмкін еместей көрінеді. Алайда, қазіргі таңда Астана, Алматы, Шымкент сынды мегаполистердегі сауда желілерінде қағаз сөмкелер ұсынатын жүйе қолданысқа енгізіле бастады. Демек, ерте ме, кеш пе, біздің еліміздің де дамыған елдердің тәжірибесіне көшетіні анық. Осы орайда, әже-апаларымыздың, аналарымыздың өздері-ақ тігіп қолданған сөмкесі қайта жаңғырар кезең келгендей. Бұл жүйеге көшудің еш қиындығы жоқтығын солардың өздері-ақ дәлелдеп берген жоқ па? Оған қоса, полиэтилен дорбаларынан бас тарту – елді мекендердің арасын жалғайтын жолдардағы, базарлар маңындағы «ұшып жүрген» немесе шөпке ілініп қалып, қоқысқа айналған көріністі болдырмаудың бірден-бір жолы. Әрі табиғатты ластаудан құтқаратын тиімді тәсіл екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Сондай-ақ ең бастысы – әрбіріміз экологияға келтірілген залал өз өмірімізге төнген қауіп екенін қаперімізден шығармасақ екен.

Б.ТӘҢІРБЕРГЕНОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған