БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

Жетісай ауданы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясының тағы бір кезекті отырысы өтті. Десе де, бұл жолы бір бума  қағазға үңіліп, көпшілікті жалықтыратын баяндамашылар легі байқалмады. Басқосу ашық пікір алмасу аясында өрбіді.

Жиынды аудан басшысы, комиссия төрағасы Жамантай Қанай­ұлының өзі басқарып, жүргізді. Сондай-ақ, жиынға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» ұлттық бюросының Сарыағаш аймағы бойынша ауданаралық басқармасының басшысы Ержан Жүнісов, аудан прокуроры Нұрғали Асқанбеков, аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтар ар­найы қатысты. Және де аудандағы мектеп басшылары мен ата-аналар комитеті төрағалары,  ауылдық округ әкімдері арнайы шақырылған.

Аудан әкімі Ж.Бейсенбаев: «Арсыздықпен ортамызға жегі құрт болып енген жемқорлықты түбегейлі жоюдың шын мәніндегі тиімді жолдары қайсы? Мұндай басқосулар аудан көлемінде алғаш рет өтіп жатқан жоқ. Десе де, әлі күнге оң нәтиже көре алмай отырмыз. Мектеп- білім ұясы емес жемқорлық  жайлаған ортаға айналғандай. Мұны тоқтату үшін қандай шаралар көруіміз керек? Дәмі тіл үйіретін бау-бақшасымен, «ақ алтынымен» әлемге танытқан диқандарымыздың баға жетпес еңбектерін жемқорлықпен әшкере болған  бір мектеп басшысы жуып-шайып, жерге қаратуда. Осы тұрғыда Сіздермен ақылдасып, ашық түрде пікір алмассақ деген оймен жиналып отырмыз»,- деді. Ал, аудан әкімінің иделогия жөніндегі орынбасары Мақсат Жолдасбеков:  «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жыл басынан бері 9 жиналыс өтсе, оның үшеуіне арнайы облыстан тиісті мамандар келіп қатысқан. Сонда да екі мектеп  басшысының пара алғаны белгілі болды. Бір кездері  олар да Сіздермен біргелікте осындай жиналыстарға қатысып, жемқорлыққа барудың соңы немен аяқталатынын естіп, білді. Біле тұра, саналы түрде осындай қадамға барып, бүгінде жауапкершілікке тартылуда. Бұл жағдай қай-қайсыңыздың да бастарыңызға түсуі мүмкін, егер жемқорлықтан қол үзбесеңіздер»-деп қатаң ескерту жасады.

Келесі кезекте, «Жемқорлықтың қалай алдын алуға бола­ды?» деген сауалға Б.Момышұлы мектеп-гимназиясының директоры Өмірхан Қозыбақ қоғамда сауатсыз диплом иелерінің көбейгендігінен жемқорлыққа жол берілетіндігімен түсіндірді. «Кейбір қолында білдей  жоғары оқу орнын бітіргендігі жөнінде құжат бола тұра өз мамандығының қарапайым тұстарын да білмейтін жастарымыз жұмыс сұрап келеді. Ол өзі сауатсыз бола тұра қалай бала оқытпақ. Міне, осындай жағдайда мектеп директорына пара ұсыну жолдарын қарастырады. Тағы бір айтпасқа болмайтын жәйт- бүгінгі оқытылып жатқан жаңа бағдарлама бойынша А-4 форматтағы қағазды көп талап етеді. Оны мұғалім қашанғы өз жалақысынан сатып алады? Осындайда ата-аналарға қағаз әкелуді жүктемеске амалымыз жоқ. Неге бағдарлама бойынша реформа жасағанда бұл мәселе ескерілмеген?» деп ардагер-ұстаз бүгінгі мектептің шын мәніндегі жағдайын хабарлады.

Жемқорлықтың алдын алу бойынша ашық пікір айтылған жиында аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Сайлау Тотықов жемқорлық болмау үшін мектеп басшысының өзі сауатты болу керек, параны алған да, берген де жауапқа тартылсын десе, аудан прокуроры Н.Асқанбеков мектептен келетін арыз-шағымның легі толастамай тұрғанын, күніне жоқ дегенде аудандағы білім ұясынан 1 арыз түсетінін айтып, арыз ешқашан негізсіз болмайтынын, барлық арыз –шағымды құзырлы мекеме тексеруден өткізетінін  ескертті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ж.Бейсенбаев аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Т.Мырзалиев пен аудан әкімінің экономика бойынша орынбасары Қ.Ғалымға  бірқатар тапсырмалар беріп: «Келесі 2019 жыл­дың бюджетін жоспарлауда мектептерді мемлекеттен бөлінетін құрал-жабдықтармен («А-4» форматтағы қағаз, бор,т.б.) толық қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ, ендігі жылы сағат жүктемесі толық емес мұғалім болмасын. Мұғалімдерге концерттің билетін мәжбүрлеп тарату, кітап сату деген тоқтатылсын. Алдағы күндері аудандағы барлық мектептерде тақырып аясында жиналыс өтеткізуге атсалысып, сыбайлас жемқорлықтың аяғы неге әкеліп соғатынын жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілсін» десе, Т.Мырзалиев ендігі жерде мектеп директорларын 4 жылға ғана тағайындау жоспарлануда.

Осылайша, келелі мәселеге қозғау болып, «пара алсам» деп алақанын ысқылауды ұнататын кейбір атқамінерлерді ақылға салатын жиналыс өтті деуге болады.

Э.ӨСЕРБЕКОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған