ЖАҢАЛЫҚТАР

Жазасын өтегендерге әлеуметтік көмек көрсетіледі

Тағдырдың жазуымен аяғын шалыс басып, опық жеп, темір тордың арғы жағындағы тұманды өмірдің ащы дәмін тартқан жазаланушылардың бостандыққа шыққандағы өмірі, олардың хал-күй қандай болмақ? Қоғамдық өмірден шартты мерзімге оқшауланған соталушыларды ендігі жерде қоғам қалай қарсы алмақ? Оларға қандай шектеулер мен қолдаулар бар? Осы сұрақтар төңірегінде жақында Жетісай аудандық әкімдігінде аудандық пробация бөліміне тіркелген азаматтарды әлеумет­тік қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын­ды ашқан аудан әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков  аудандағы  қылмыстық жазасын өтеп шыққан және шартты мерзімде жазасын өтеп жатқан азаматтарға  мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар бар екенін түсіндіріп өтті.

– Пробация бөліміне тіркелген азаматтардың барлығын ауыр қылмыс жасаған қылмыскер деп қарау дұрыс емес пікір. Олардың арасында байқамай  шалыс басқандары да бар. Жазатайым жағдайға ұшырағандары да кездеседі. Олар ол қылмысы үшін жазасын өтеді де. Ендігі жерде жазаланушылар да өзге адамдар сияқты өмір сүруі тиіс. Қоғамға бейімделіп, екінші ондай қылмысқа бармауы үшін әлеуметтік қолдауға ие болуын назарға алуымыз керек. Денсаулықтарын медициналық тексеруден өткізіп, құжаттары жоққа көмектесеміз. Жұмыссыз жандарға жұмыспен қамтылуына жағдай жасаймыз. Жалпы айтқанда, әлеуметтік мәселелері болса қоғам болып шешуге атсалысу парызымыз. Оларды қоғамнан шеттетуге, құқықтарына шек қоюға ешкімнің де құқы жоқ,-деді М.Жолдасбеков.

Аталмыш жиынға аудандық пробация бөлімінде тіркеуде тұратын жалпы 183 азаматтың 23-і қатысып,  өзіне қандай көмек қажет екенін пробация бөлімі қызметкерлері тарқатып берген  анкетаны толтыру арқылы жеткізді.  Бұл анкета  олардың іс құжаттарына қоса тіркелетін болады.  Алдағы уақытта да комиссия тарапынан мұндай жиындар ұйымдастырылып, өзге де пробация бөлімінде тіркелген азаматтардың мұқтаждықтарын анықтау көзделуде.

Э. ИНЯТҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған