БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ туған жерге тағзым етті

Таяуда жастар арасында бокстан әлем чемпионы болған Садриддин Ахметов кіндік қаны тамған жері жетісайдың киелі топырағына қайта аяқ басып, «ақ алтынды» туған өлкесіне тағзым етті.

Сонау құс ұшса қанаты талатын қияндағы Елордамыз Нұр-Сұлтаннан арнайы ат терлетіп келген төл перзентін аудан халқы ыстық ықыласпен, бауырмалдықпен, сағынышпен қарсы алды. Алдымен, аудан басшысы Жамантай Бейсенбаевтың қабылдауында болды. Әрбір шаршы алаңға шығып, қарсыласын әп сәтте-ақ сұлатып құлатқанда  «бұл қай бала еді?..» деп жас батырдың ерлігіне тамсанғандарға «Жетісайдың баласымын» деп атойлаған Садриддинге Жамантай Қанайұлы аудан жұртшылығы атынан алғысын білдіріп, алдағы күннің еншісіндегі жеңістерінде де Жетісайдың атын асқақтата беруіне тілеулестігін жеткізді. Осындай елдің атын әлемге танытып, Туымызды көкке желбіреткен оғланды дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие бере білген ата-анасына да ризашылығын білдірді. Құттықтау хат табыстап, иығына ұлттық зерделі шапан жапты.

Бұдан соң сөз алған аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, күрестен бірнеше дүркін чемпион болған Бақыт Жаңбырбаев жас чемпион Садриддиннің ешбір шүбәсіз жеңістеріне дән риза екенін білдіріп, өзінің ұстаздық, ағалық батасын берді.

Келесі кезекте «Жамал апа» мейрамханасының алдына жиналған жалынды жастар қолына желбіреген көк Туымызды ұстап, чемпионның атын мақтанышпен айтып асқақтатып, зор қошемет білдірді.  Осы жерде аудан әкімі Ж.Бейсенбаев Садриддинге туған елдің сый-құрметін көрсетіп, тұлпар мінгізді. Сондай-ақ, аталмыш мейрамханада шараға жиналған көпшілікке арнап ас беріліп, жас та болса ержүрек батыр ақсақалдардың батасын алды.

Айта кетейік, 21 жастағы Садриддин Ахметов Жетісай ауданында туып өсіп, 7 жасында ата-анасымен біргелікте Астана қаласына қоныс аударған. Отбасында бес перзенттің бірі. Бала кезінен спортпен шұғылдануды ұнататын талапты Садриддин боксты 14 жылдан бері серік етіп келеді. 2016 жылы әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 69 келі салмақта алтын медальдың жеңімпазы болды. 2017 жылы кәсіпқой боксқа ауысуға бел буады. 2018 жылы Канададағы «Eуe jf  the  Tiger Management» промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасасады. Садриддин қазіргі таңда Канаданың Монреаль қаласында жаттығады. Бапкері Марк Рэмси.

Биылғы жылдың 24 қаңтары күні Канаданың Монреаль қаласында мексикалық Абрахам Хуаресті нокаутпен жеңіп,   WВC нұсқасы бойынша жастар арасында чемпион болды. Таяуда Алматы қаласында өткен бокс кешенінде бірінші орта салмақта Джон Рубамен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Осы күні әлем чемпионы аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен Мырзашөлдегі бірден бір жоғары оқу орны «Сырдария» университетінің студенттерімен де кездесті. Өкшелес жастарға бос уақытын текке өткізбей, пайдалы әрі тиімді шаруалармен айналысу керектігін насихаттай келе «Менің бар арманым-Қазақ елінің туын әлем жұртшылығы алдында желбірету. Осы орайда жетісайлық жерлестерімнің қолдауы маған ерекше күш-жігер береді. Алдағы уақытта туған жерім-Жетісай қаласында спорт кешенін ұйымдастыруға атсалысамын. Осылайша, Жетісайдың көркейіп, өркендеуіне мен де бір тумасы ретінде өз үлесімді қосамын»,- деді. Өз кезегінде жастар да Садриддинге жылы лебіздерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарын қойды.

Э.ИНЯТҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған