БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

СЫРЛЫ СӨЗДІҢ САҢЛАҒЫ жазушы-журналист Жолбарыс Тілеуұлы – 70 жаста

Биыл шуақты сәуірдің 9-жұлдызында қадірлі де қымбатты ағамыз жазушы-журналист, Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы Жолбарыс Тілеуұлы 70 жасқа толады. Осы бір мерейлі қуанышты сәтте жарты ғасырдан бері баспасөзде үздіксіз қалам тербеп келе жатқан, қазақ сөзінің қадірін ұлықтаған, ұлағаты ұшан-теңіз, тағылымы дара ұстазымыз жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдік.

Сонау сексенінші жылдары Біздер, Киров аудандық «Коммунистік еңбек» газетінің есігін имене ашып, жұмысқа енді кіріскен кезімізде Жолбарыс аға редакциядағы қаламы үшкір, ойы ұтқыр, тәжірибелі журналистердің бірі еді. Бұған дейін журналистиканың біраз баспалдағынан өтіп, онжылдық орта мектепті бітірісімен аудандық газетте еңбек жолын корректорлықтан бастап, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, Қазақстанның үш ауданы Өзбекстан қарамағына өткен жылдары Cырдария облыстық телерадио комитетінде радиода редактор болып істегенін білдік. ҚазМУ-дың журналистика факультетін оқып бітірген білімді, білікті, сақа журналист арада көп уақыт өтпей Алматы жоғары партия мектебіне оқуға аттанды. Жолы болып, оқуға түскенін есітіп қуандық. Сабақ тек орыс тілінде жүретін оқу орнында білім алған Жөкең мұнда да алғырлығын, орысшаға осал еместігін байқатты. Партия мектебін бітіріп келісімен саяси сауаты мықты, әмбебап, мықты маман Киров аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып жұмысқа қабылданды. Әріптес ағамыздың жоғары биіктен көрінуіне тілектес болып жүрдік. Содан көп ұзамай Жөкеңді партия комитеті «Өзбек ССР-нің 40 жылдығы» совхозына ауылдық Советтің төрағасы етіп жауапты қызметке жіберді. Журналистің ауылнай болып кеткеніне таң қалып жүргенімізде бір күні Жөкең облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Мақтаарал, Жетісай, Киров және Шардара аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметіне кіріскенін естіп тағы қуандық. Қарашаңырақ басылымның ақ босағасын ақ тілекпен аттаған Жөкең шағын хабардан бастап, суреттеме, очерк, репортаждарды өндіріп, сырлы да сұлу сөздермен өрнектеп төгілтіп жазды. Аймақта жүріп танылған қаламы – қуатты, жаны – шуақты қаламгер ағамызды бұдан соң Шерхан Мұртаза республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстіктегі Мақтаарал, Жетісай, Киров аудандары мен Өзбекстандағы меншікті тілшісі етіп жұмысқа қабылдады. Талай «мен атайын, сен тұр» дейтін сөз мергендері шыққан құтты шаңырақта еңбек етіп, міндет жүгі салмақтана түсті. Шерағаң елді аралап жүріп, елмен етене жұмыс істейтін меншікті тілшілерді ел ішіндегі елшілерге теңеген ғой. Шынында қолға қалам ұстап жүріп небір проблемалармен, шетін мәселелермен, оқыс оқиғалармен бетпе-бет келді, сан қилы тағдырларға жолықты. Жазушы-публицист Аян Нысаналин екеуі Ташкентте Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовпен жүздесіп, көрші елдің тыныс-тіршілігі туралы цикл материалдар жазды. Әрбір журналистің өмір жолында самғайтын бір сәті болады. Жөкеңнің шығармашылығы  аға газетте істеген жылдары бөлекше жарқырай түсті. Сырлы сөзбен көркемделіп, құнарлы тілмен өрілген, терең ойға құрылған мақалалары жиі жарияланып тұрды. Сөйтіп, Жөкең Шерағаңның «шекпенінен шыққандар» қатарына қосылып, үлкен талап пен талғам мектебінен өтті.

Бұдан соң тағдыр бұйыруымен Жолбарыс аға Асықата аудандық Кеңесінде төраға көмекшісі болып істеді. Аудан басшысы Тойым Жүнісов ағамен қызметтес болып, қарауында істей жүріп бұрынғыдан да ысылып шынығып, шыңдала түсті. Өте білімді, таным-түсінігі, пайым-парасаты кең, әділ, тура мінезді басшыдан мол тәлім, ғибрат алды.

Ал, 1991 жылы Асықата аудандық қоғамдық-саяси «Шұғыла» газетіне бас редактор болған кезде Жөкең төске түсіп шыңдалған, есімі республикаға, облысқа танымал журналист-публицист еді. Арада екі жыл өтер-өтпес  Асықата ауданының әкімі О.Нұржанов Жөкеңді аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары қызметіне шақырды. Бұл саланы да Жөкең ұршықша иіріп әкетті. Мұнда да айырықша елеулі еңбек өрнегін көрсете білді. Ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріне белсене араласып, түрлі іс-шара, басқосуларды ұйымдастырып, қыз-қыз қайнаған жұмыстың ортасында жүрді. Өзіндік ұстанымы, айтар ойы, толғамды пікірі бар басшы екенін байқатты.

Ауданның аясы кеңіп, 1997 жылы Елбасы Жарлығымен бұрынғы үш аудан іріленген кезде Жолбарыс Тілеуұлы ағамыз аудандық қоғамдық-саяси «Мақтаарал» газетіне бас редактор болып келді. 1931 жылы «Мақтаарал» газетінің тұңғыш номерін шығаруға атсалысқан қазақ әдебиетінің классигі, дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров негізін қалаған қарашаңырақ басылымды аяғынан тік тұрғызып, қалыптастыруға құлшына кірісті. Білікті, тәжірибелі журналистер газеттің көркемдігін күшейтіп, сапасын, мазмұнын байытты. Қауырсын қаламды бекем ұстап, әділдіктің бетіне тура қараған журналистер шоғыры газеттің беделін көтерді. Газет таралымын 10 мыңға дейін жеткізді. Сол «Мақтаарал» газеті аудан шежіресін жазып, оны бүгінгі ұрпаққа жеткізіп отыр. Алғашқы санынан бастап халықпен сырласып, бірге толғанып, бірге жасасып келеді. Жөкең бізді жалтақтамай еркін, батыл ізденіп жазуға үйретті. Өзі бас болып, табандылыққа баулыды, ел мүддесін жоғары қоюға шақырды. Газеттің әрбір санын қызықты, оқылымды етіп шығару үшін күн-түн демей жүгірдік, маңдай терлеттік. Жөкең редактор болған жылдарда газетте фельетон, сын, проблемалық мақалалар жиі жарияланды. Марқұм, талантты журналист Мұхамедәлі Бегалиев ағамыз жазған айбарлы, азулы сындар газетке кідіріссіз шығып тұрды. Редактордың қолдауы болмаса журналистер қайдан еркін, батыл болсын?! Жөкеңе тән ерекше қасиет – кез-келген мақаланың тақырыбын дөп тауып, құлпыртып, жарқыратып  қоя біледі. Тақырып табуға қиналған журналистер әлі күнге Жолбарыс ағаға жүгінеміз. «Сарғайса да газеттің ақ парағы» дегендей, сол газет парақтары сарғайса да, сол еңбектің бәрі газеттің әр жылғы тігіндісінде түптеліп, архивтерде сақталып тұр. Жөкең осылайша іріленген аудан газетін үздіксіз түн қата, түс қата жүріп 15 жыл үлкен абыроймен басқарды. Зейнет демалысына шыққан соң «Нарық әлемі» газетінің бас редакторы болып істеді. Сондай-ақ, республикалық тәуелсіз «Рейтинг» газетінде меншікті тілші болып істеп, талай-талай өткір мақалалар жазды. Соңғы үш жылдан бері өзі басшылық ет­кен «Мақтаарал» (қазіргі «Жаңа Жетісай») газетінде ақылдастар алқасы­ның төр­аға­сы, аға тілші болып жұмыс істеп келеді.

Жөкеңнің қаламгерлік қасиетіне тән бір ерекшелік – бір сәт те жазудан қол үзген емес. Журналистік шеберлігі келе-келе жазушылыққа ұласты. Күнді түнге, түнді таңға жалғаған газет жұмысында, мемлекеттік қызметте жүріп-ақ өмірдеректік эсселерден тұратын 10 шақты кітап жазды. Бұл айтуға оңай, оның астарында қаншама ой-толғам, көз майын тауысар уақыт жатыр десеңізші. Жөкеңнің басты кейіпкерлері негізінен Мырзашөл өңірінің нарқасқа азаматтары. Ел мақтан етер азаматтардың өнегелі өмір жолдарын, елге сіңірген айтулы еңбектерін туындыларына арқау еткен. «Туған жердің қара тасын мақтан ете алмаған азамат, бөгде жердің алтынын да мақтап жарытпас» демекші, қаламгердің әрбір сыр-сұхбаты мен хикаяттарынан оның елге, жерге деген махаббаты, сезімтал жүрегінің лүпілі, жан-дүниесінің өлшемі, аппақ айдай таза пейілі, бүкіл болмыс-бітімі аңғарылып тұрады. Қаламгер туындыларындағы көркем шындықтың бір қатары – өз көзімен көрген, жүрегінен өткізген өмір құбылыстары. Оның бізге жылы, жақын, етене көрінетіні – өзімізге таныс ауыл өмірін айқын суреттейді. Жөкеңнің қайбір эссесін оқысаңыз да көркем әңгіменің жүгін көтеріп тұр. Жазушы адам жанының қалтарыстарын, көпшілік онша елеп, байқай бермейтін нәзік иірімдерді дөп тауып жазады. Жазушы әрбір шығармасында еліміздің өсу, өркендеу тарихында айшықты із қалдырған абзал азаматтардың адамгершілік, адалдық, кісілік қасиеттерін ашып көрсетуге тырысқан. Әрдайым құрметтеуге, мақтануға тұратын асыл, текті азаматтардың жақсылықтарын елге паш еткен Жөкеңнің суреткерлік шеберлігіне тәнтіміз.

Жолбарыс ағаның бойындағы адами асыл қасиеттері – жан-дүниесінің кіршіксіз мөлдір тазалығы, кісілік мейірім-қасиеті, жоғары парасаты мен адамгершілігі ешкімге ұқсамайтын мінез байлығы десек артық айтқанымыз емес. Жөкеңнің басшы болып жүріп біреуге айғайлап дауыс көтергенін, ренжіткенін көрмеппіз. Қашан көрсең де мінезі мінәйі, жұмсақ сөйлеп, мақұл деп, басын иіп тұрғаны. Құтты шаңырақта асыл жеңгеміз Жарқынай апай екеуі алты ұл-қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Осы перзенттерінен бірнеше немере сүйіп отыр. Бүгінгі күні ел сүйсінген бақытты ата мен әжеге біз де қызыға қараймыз.

Сөз соңында, зымыран уақыт белеңінде жетпіс жастың асуына шығып отырған қаламдас ағамыз, сырлы сөздің саңлағы Жолбарыс Тілеуұлына мерейтойыңыз құтты болсын дейміз. Деніңізге саулық, ұзақ мәнді ғұмыр, отбасыңызға баянды бақыт, құт-береке, шадыман шаттық тілейміз. Қалам құдіреті Сізді әлі талай шыңға шығарарына, оқырман көңілінен орын алар жарқын туындылар жарық көре береріне сенімдіміз. Алла соған жазсын!

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ,

Алтынбек ТАСТАНБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған