БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰН НЕГЕ ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР?

«Айлық жалақы, зейнетақы немесе жәр­демақы көбейеді» деген сыңайдағы жылт еткен жаңалықты құлағы шалғанда алақанын ысқы­лап алдымен қуанатындар – саудагерлер. Се­бебі, әлгіндей хабардың шеті шыққаннан ба­зар­лар мен дүкендердегі азық-түлік бағасының бір­ден көтерілуі әдетке айналған. Бұған қара­пайым халықтың еті үйреніп кеткен. Қайта олар айлық жалақысының көбейгеніне қуанбастан, базардағы нарықтың бағасын ойлап қын­жы­ла­тын дәрежеге жеткен. Тіпті, қазір «әр балаға 21 мың теңге жәрдемақы беріледі» деген ақпар тарағалы бері ел арасында түрлі «болжамдар» желдей есті. Соның бірі – азық-түлік бағасының жуық арада күрт қымбаттайтыны туралы тұжырым. Осының айтылуы мұң екен, «бол­жау­шылардың» тұспалдауы дөп келіп, шынында да алдымен ең керекті азық-түлік – ұн бағасы қымбаттап шыға келді. Сол екен ұннан жасалатын нан, макарон өнімдерінің құны да бірге көтерілді. Ұнның қымбаттауы расында да әлгі жаңалыққа байланысты ма, әлде оның басқа себептері бар ма, кім білсін, әйтеуір наурыз айының басында 50 келілік бірінші сұрыпты ұнды 5000 теңгеге алып келген жұрт наурыздың ортасында бір қап ұнға 5800-6000 теңгесін санап беруге  мәжбүр болды. Тіпті, сатушылардың «ұн әлі бұдан да қымбаттайды» деген сөзіне не дерсің? Күн сайын мың құбылған бағаны көріп, «ақшаның құны қалмаған екен ғой»,- дейді тұтынушылар. Олай демеске амалы қалды ма, ұннан бөлек барлық тауарлардың нарқы шарықтап тұр. Бір ғана мысал, наурыз айына дейін келісі 350 теңгеге бағаланған тарының бағасы бүгінде 500 теңгеге шыққан. Ал арасындағы айырмашылықты өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз… Тіпті, күнделікті тұтынатын шекердің келісі 250 теңгеге жетті.

Осы орайда азық-түліктердің ішінде бірінші қажеттілікке жататын ұнның қымбаттауына не себеп? Оның бағасын тұрақты қалыпта ұстап тұруға не кедергі? Бұдан былай да баға осылай өсе бере ме? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаевпен тілдестік.

-1-наурыздағы жағдай бойынша ауданы­мызда бірінші сұрыпты ұнның 1 келісі орта есеппен 100 теңге болған. Яғни, бөлшек сау­да­дағы 50 келілік бір қап ұнның бағасы 5000 теңге болды. Бүгінгі таңда өздеріңіз  білетіндей, бі­рінші сұрыпты бір қап ұнның бағасы 6 мың тең­геге дейін көтеріліп, қазір енді орта есеппен 5700 теңгеге тұрақталып отыр. Яғни, ұнның ба­ғасы 15 пайызға қымбаттады. Осы айдың басы мен бүгінгі таңдағы баға айырмашылығы не­лік­тен бұлай болды, бұған не себеп? Ұн баға­сы­ның қымбаттауының себептерін біз зерделеп анықтадық. Ұнды тасымалдайтын кәсіп­кер­лер­дің айтуы бойынша, ұнның көтерме бағасы қым­баттаған. Шымкенттегі көтерме бағасының өзі – 5500 теңге. Енді олар Жетісайға келгенге дейін­гі жол шығынын есептеп, 5700 теңгеден саты­лымға шығаруда. Шымкент қаласындағы кө­терме бағаның қымбат болу себебін мамандар Астана мен Солтүстік Қазақстан облыстарында бидайдың қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Ал бидайдың қымбаттауы ұн комбинаттарындағы бидайдың тапшылығына байланысты. Бидай аз емес, қайта сатып алушы көп. Демек, оған деген сұраныс көбейген, қазіргі таңда біздің нарыққа шетелдіктер кіріп, шетелге тасы­мал­дап жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биылғы экспорттың көлемі артып отырғандығы байқалады. Сондықтан бидайдың сату бағасы қымбаттауына байланысты бізге ұн да қым­бат­қа келіп отыр. Бұл жерде нарықтық экономика болғандықтан, оны тежеуге ешқандай мүм­кін­дік жоқ. Біздің құзіретімізге тек қана бә­се­ке­лес­тік орнатып, кіші шаруа қожалықтарын на­рық­тық ортаға ынталандырып, соның есебінен ас­тықтың бағасын төмендету кіреді. Бүгінгі таң­да­ғы ақпарат бойынша, экспорт көлемі біршама толастап, бұрынғы сатып алушылардың сұра­ныстары қанағаттандырылған. Өзіміздің ішкі на­рықта бидай астығы жеткілікті, осыған орай ұн бағасы шамамен 3-5 пайызға арзандайды деп күтілуде. Яғни, бұдан былай ұнның бағасы 5500 теңгеден аспауы ықтимал, – деді өз сөзінде Д.Толыбаев.

Қос бүйірден қысқан нарықтағы қымбатшылық ұн бағасына да әсер етпей қоймайтыны анық жайт. Десе де ас атасы – нан жасалатын ұнның қымбаттамағаны бәріміз үшін жақсы-ақ. Нарық заңдылығына байланысты қарапайым халықтың «Баға бір өскен соң, енді арзандамайды» деген сөзін қаперге алсақ, бұдан кейін ұнның арзандауы неғайбыл деген ой келеді. Дегенмен, бұған уақыт – төреші…

Айтқандай, еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары біздің ауданымыздың диқандары да бидай өсіруді қолға алып көргенін көнекөздердің аузынан талай естігенбіз. Сәйкесінше шағын диірмендер де жұмыс істеген. Демек бұл тұрғыда тәжірибе бар. Десе де мұнда өсірілген бидай астығының сұрпы еліміздің солтүстік аймақтарында егілген бидайдай болып шықпаған.

P.S. Қазақстанды әлемге танытқан бірден-бір байлығымыз – «алтын астық». Академик Мехлис Сүлейменовтің зерттеулеріне сүйенсек, өлкеміздегі жаздық бидайды өсіру біздің заманы­мыз­дан бұрынғы екі мыңыншы жылдықта қол­ға алынған. Жаһан елдерінің біршама бө­лі­гін ұн-нан өнімдерімен қазақ диқандары қам­тамасыз етіп келеді. Еліміз жылына шамамен 7-8 миллион тонна астықты сыртқы нарыққа шығарса, ұн экс­порт­таудан әлемде 2-орында. Өнімнің басым бө­лігі Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ау­ғанстанға, одан ары Иран, Қытай, Ресей мен алыс шетелдерге экспортталады. Соңғы жылдары көршілес ҚХР мен Иран та­рапынан қазақстандық астыққа сұраныс жоғары. Баспасөз беттеріндегі ақ­па­рат­тарға сүйенсек, еліміздің бірқатар аймақ­та­рында нан бағасы қымбаттаған. Демек, қанша жерден масақты дақылдарды (бидай) өндіруге кәсіптенген елміз деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, нарық заңдылығына бағынатындығымыздың дәлелі осы болса керек.

Б.ТӘҢІРБЕРГЕНОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған