БАСТЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

ЗИЯНКЕСТЕРМЕН КҮРЕСТІ БҮГІННЕН БАСТАУ КЕРЕК

Кешегі сәрсенбіде Жетісай ауданы әкімдігі, «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» және «Жетісай» био­фабрикасының ұйымдастыруымен «Мақта дақылының аса қауіпті зиянкестеріне қарсы биологиялық күрес әдістерін дамыту» тақырыбындағы семинар-кеңес болып өтті.

Мұнда биологиялық тәсілдің жетістіктері мен қолданудағы кемшіліктері туралы, сонымен қатар ағымдағы ауа-райы жағдайына байланысты зиянкестермен биологиялық күрес әдістерін тиімді ұйымдастыра отырып, Жетісай, Мақтаарал аудандарында мақтаның өнімділігін арттыру жолдары қаралды. Семинарға Жетісай ауданының әкімі Ж.Бейсенбаев, Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асанов, «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» бас директоры, академик И.Үмбетаев, Өзбекстан Республикасы өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты А.Сагдуллаев қатысып, семинарда келелі мәселелерді көтерді.

Алғаш сөз алған аудан әкімі Ж.Бейсенбаев: – Биылғы жыл зиянкестерге қолайлы жыл болайын деп тұр. Қыста күн жылы, аяз болмады. Осы жылы жақсы өнім аламын деген шаруалармен бірге бірлесе отырып, зиянкестермен күресуіміз керек. Ең бірінші биофабрикадан шығатын өнімнің сапасын талқылауымыз керек. Біз әрқайсымыз зиянкестермен ғылыми негізде күресуіміз қажет. Өткен жылы биологиялық әдісті аудан бойынша 60 пайыз пайдаланған болатынбыз. Биыл биологиялық әдіспен зиянкестерге қарсы күресті 70 пайыздан асыруымыз керек. Биоәдісті тек мақта дақылына ғана емес, ауданда өсетін барша бау-бақша, көкөніс дақылдарына да тиімді пайдалануды үйренуіміз керек. Биофабрика және лаборатория басшылары әр ауыл округтеріне бір-бір маман бекітулері керек. Осы мамандар арқылы қай алқапта зиянкестер пайда болғанын тез арада анықтап, шара қолдану керек. Осылай етсек қана экологиялық таза өнімдерді 2,5-3 есеге дейін арттыра аламыз. Ол үшін биофабрика және биофабрикалар ассоциациясы тарапынан не істеу керек?- деді. Бұдан соң сөз алған И.Үмбетаев соңғы жылдары Елбасының ауыл шаруашылығына цифрландыруды енгізуді тапсырғанын, биоагентпен жұмыс істеудің өте нәзік нәрсе екенін, ғылыми-зерттеу институтының ауыл шаруашылығы дақылдарын 2,5 есе көтеруге жұмыс істеп жатқанын айтты.

Түркістан облысы биоагенттерді өндірушілер қауымдастығы ЖҚЗТБ төрағасы П.Әбдіразақов:

– Мақтаарал ауданында 7 биофабрика мен лабораториялар бар. Оның қуаттылығы 20 мың гектарға жетеді. Жетісай ауданында 17 биофабрика мен лабораториялар бар болса, оның қуаттылығы 45 мың гектарға жетеді деп отырмыз. Ал енді осы ассоциацияға қарасты 24 биофабрикалар мен лабораториялардың бірнешеуі атап айтқанда, Мақтааралда – 3, Жетісайда – 4 биолаборатория жуырда құрылған комиссия мүшелеріне өз жұмысын көрсете алмады. Керек болса осы биолабораториялардың нақты жайы да жоқ. Бұл биолаборатория халыққа қандай биоөнім бермекші. Біз бұл лабораторияларды тексеріп, инвентаризация жасап, қуаттылығын анықтауымыз керек. Бұл жұмысты осы жағдайға байланысты істей алмай отырмыз. Өсімдікті қорғаудың  ең тиімді жолы – биологиялық әдіс. Бірақ оның бірнеше қиындықтары бар. Зиянкестер әр жылы әртүрлі: көбейіп, азайып отырады. Биылғы жылы зиянкестер көп болады деп күтілуде, – деген пікірін жеткізді.

Өзбекстан Республикасынан келген ғылым кандидаты А.Сагдуллаев биофабрикалар тек қана маусымында ғана емес, жыл он екі ай істеуі керектігін алға тартты. «Өзбекстанда 800-ден астам биофабрика мен лабораториялар бар. Лабораторияның қуаттылығы, яғни өңдейтін алқабы көбейген сайын биолаборатория өнімі арзандай береді. Сіздердегі әр лаборатория кемінде 5 мың гектар алқапты өңдеуге қабілетті болу керек. Алтынкөз көбелегін мақтадан бөлек қауын-қарбыз және бау-бақша зиянкестеріне қарсы пайдалануға болады. Көбелекті мамандармен келісе отырып, дер кезінде жіберу керек», – деді өз сөзінде А.Сагдуллаев. Мұнан соң ауданның Құрметті азаматы М.Атабаев, «Күләнда» биолабораториясының директоры Б.Белгібаев, «Жанар» биолабораториясының директоры Ж.Шағырбаева мақта зиянкестеріне қатысты өз ойларын айтты.

Соңында қорытынды сөз алған аудан әкімі Ж.Бейсенбаев: -Осыдан 3-4 жыл бұрын жоғары сортты ұрықтық шит табылмай, диқандар қандай шит егуді білмей қалған болатын. Арнайы комиссия құрылып, сапалы тұқымдық шитті өндіруді қалай етеміз деген үлкен талқылау болған. Содан бері бірталай жұмыстар атқарылып, биылғы жылы диқандар ұрықтық шиттен ешқандай қиындық көрмей, жоғары сапалы ұрықтық шитке қол жеткізіп отыр және бағасы да бұрынғыға қарағанда арзан. Міне, сол сияқты биофабрикалар мен лабораториялардың жұмысын жандандыру мақсатында биолабораториялар ассоциациясы құрылды. Оның төрағасы белгілі ғалым Пердебай Әбдіразақов сайланды. Алдағы уақытта биолабораториялардың барша мәселесі осы ассоциация арқылы жоғарғы тиісті мекемелерге шығып, мәселелерін шешіп отыруға болады. Сонымен қатар биолабораториялардағы өнімдердің сапалылығын да осы ассоциация қадағалап отыратын болады. Енді әр апта, ай сайын осындай семинарлар өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – өсірген өнімді өсімдік зиянкестерінен қорғап қалу, – деді.

А.ТАСТАНБЕКОВ. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған