«NUR OTAN» партиясының атауы «АМАНАТ» партиясы деп өзгерді

Елімізде 1 наурыз күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ Съезі өтті. Онда бірқатар мәселелермен қатар Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың партияның атауын «Аманат» партиясы деп атау туралы ұсынысы да қаралды. Бұл ұсынысты ҚР Президенті Қ.Тоқаев және жиынға қатысқан барлық делегат бірауыздан мақұлдады. Партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Съезде сөйлеген сөзінде: «Мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын. Қазір әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Осындай аумалы-төкпелі заманда біз жаңа даму кезеңіне өттік. Барлығымыз Жаңа Қазақстанды құруға жұмыла кірісіп жатырмыз. Партия жаңа бастамаларға ұйытқы болуы тиіс. Сондықтан бүгінгі басты мәселе-партияның жаңғыртылуы. Осыған орай, саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Бұл пікірталасқа мен де қатыстым. Бірнеше ұсыныстың ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл ұлт үшін де, халық үшін де қастерлі ұғым. Бұл мемлекеттілік пен ұрпақ жалғастығын көрсетеді»,-деді.

Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті дей келе, бірқатар басым міндеттерді де айқындап берді.

Ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет. «Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыруы тиіс. Депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыру міндетін өздеріне алып, олардың жұмыс қорытындысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек. «Әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды парламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фракциялар депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруға тиіс. Керек болса, үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек», – деді партия төрағасы. Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партияның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады. «Партия популизмге салынып, орындалмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-министр мен кабинет мүшелерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса берсе, күдік күшейіп, адамдардың партияға деген сенімі жоғалады. Ал оның партияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояушылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл-күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет», – деді Президент Қ.Тоқаев.

ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған