Ақыл-есі түзу, аузында сөзі бар, маңдайында көзі барлардың бәрі мұғалімнің кім екенін жақсы біледі. Өйткені олар бір кездері мұғалімнің алдын көрген, жолын кесіп өтпеген шәкірт болған ғой. Тарыдай боп мектеп табалдырығын аттағандарды оқытып, тәлім-тәрбие берген. «Азамат бол, аман бол!» демесе, жаман бол демеген шығар-ау. Сол титтей тары білім топырағына түсіп, тамыр жайып, өсіп таудай болғанда мұғалімдерге мұрнын шүйіріп қарайтынына қатты қынжыласың. Мұғалімнің арқасында хат танып, қатарға қосылып, өзімен өзі болып жүргендер мұғалімдерді менсінбегені былай тұрсын, қиянат жасаудан да қаймықпайтын болды. Жалпы, мұғалім – мәдениетті, момын халық. Сол момындығы сор болды: барып кел, шауып кел қолжаулыққа айналды. Таяқтың екі ұшы бар: не мұғалімдер абырой-беделден жұрдай болды, не басшылары шектен шығып кетті. Біз таяқтың екінші ұшына жармасып, жанайқайымызды жеткізбекші едік.
Жетісай қаласына таяқ тастам жердегі Жылы су ауылдық округінің орталығында М.Шоқай атындағы орта мектеп орналасқан. Осы мектепке көрші ауылдық округтан 60-70 бала қатынап оқиды. Екі ауылдық округтің ортасынан үлкен «Жетісай-Шардара» бағытындағы тас жол трассасы өтеді. Осы тас жолға параллель сарқынды сулар ағатын үлкен «сброс» каналы тағы бар. Демек, оқушылар мектепке бара жатқанда, не оқудан қайтқанда осы канал үстінен қолдан құрастырылып, стандартсыз салынған 4 аспалы көпірден өтуге мәжбүр. Сонымен қатар күні-түні көлік ағыны бір тынбайтын «Жетісай-Шардара» тас жолын кесіп өтеді. Осы жолдың ауылмен жанасқан тұсында көлік апаттары жиі болып тұрады. Қаншама адам көз жұмды. Жақында ғана 6-сыныпта оқитын қызды көлік қағып кетіп, әупірім тәңірмен аман қалды. Осы жол көлік оқиғасынан кейін мектептің үстінен әңгіртаяқ ойнататындар қаптап кетті. Бәріне мектеп пен мұғалімдер кінәлі болып шықты. Тас жол мектеп жанынан өтсе бір сәрі. Мектеп пен үлкен тас жол аралығы 1,5 шақырымдай жер. Сонда қалай, мұғалімдер бар шаруасын жинастырып қойып, тас жол бойында тапжылмай оқушыларды күзетіп тұрулары керек пе? Керек болып шықты. Басшылық солай тапсырма берген. М.Шоқай атындағы орта мектеп мұғалімдері таңертең, түсте, кешке тас жолдың көпір тұсын табанында тік тұрып тапжылмай күзететін болды. Оқушыларды қолынан жетектеп әрі-бері өткізіп тұрады. «Әкесін ұрғанды көріп едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды көргеніміз жоқ» демекші, бұл мұғалімдерді мәдениетті түрде мазақ етудің классикалық үлгісі демеске еш лажың жоқ. Байғұс, мүсәпір мұғалімдердің мойнына ауыр жүк арқалата салу не тұрады, тәйірі.
Халық қамын жейтін, ұрпақ болашағын ойлайтын азаматтар болса бұлай етпес еді. Басқа жолын табар еді. Айталық, тас жолдың адамдар өтетін тұсына ақ жолақтар сызып, «жатын полицей» — жол кедергілерін қойып, жылдамдықты тежейтін белгілер орнатып, жол патрульдік полиция қызметкерлері бақылауға алып, жол қауіпсіздігін сақтауды қолға алса, қане. Жоқ, мұғалімдерді жол бойына күзетке қою бәрінен оңай болып тұр. Мұғалім жол патрульдік полиция қызметкері емес қой. Қалай болғанда да бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. «Таспен торғайды ұрсаң да, торғаймен тасты ұрсаң да торғай өледі» демекші, бәріне мұғалімдерді кінәлап, жыртыққа жамау, тесікке бітеу ете беру қайбір жақсылықтың нышаны дерсіз. Осыдан кейін мұғалім беделі туралы не айтуға болады?
Біздің айтайын дегеніміз, бұл айтып отырған келеңсіздікті ештеңемен ақтап алуға келмейді. Өйткені ҚР «Мұғалім мәртебесі» туралы Заң талаптары өрескел бұзылып отыр. Ол Заңда ап-айқын көрсетілген: педагог кадрларды өз қызметінен басқа жұмыстарға жегуге болмайтыны; мұғалімдердің қадір-қасиеті мен кәсіби мансабына нұқсан келтірмеуді көздейді. Бізде Заңды бұзуға болмайды, бірақ айналып өтіп кетуге мүмкіндік мол сияқты. Қалай болғанда да мұғалімдерді мүсәпір етіп, Заң талаптарының бұзылып жатқанына аудандық прокуротура құқықтық баға береді деп ойлаймыз.
Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері.