Жуырда «Сырдария» университетінде «Барлығы да, Поэзия, сен үшін», — деп жырлаған әдебиет майталманы, қазақтың қара өлеңін құдіретке айналдырған Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне арналған «Сағынады ақынды сыздап жүрек» не «Махаббат поэзиясының королі» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екендігін таныту, ақынның ақындық талантын шәкірт жүрегіне ұялату, сол арқылы олардың бойында поэзия әлеміне, жалпы сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті берік қалыптастыру.
Жыр кернеуі алға жылжыған сайын М.Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырайды. Қысқа ғана ғұмырында М.Мақатаев ұрпақтарға ұланғайыр мұра қалдырып кеткен ұлы ақын деуімізге болады.
Университеттің «Гуманитарлық ғылымдар және заң» факультеті, «Филология» кафедрасына қарасты Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасы студенттерінің ұйымдастыруымен әдеби-сазды кеш ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы дерек беретін бейнебаяннан бастау алды. Кеште ақынның өлеңдерін, поэмаларын мәнеріне келтіріп орындауда студент-жастар керемет шеберліктерін көрсетті. Кеш барысында Оспан Ұлжан мен Юсуп Мадина «Мен деп ойла», Қыстауова Ақдидар «Айтатын саған сырым бұл», Смайылов Ерсұлтан мен Көпжасар Бағдат «Есіңе мені алғайсың» әндерін тамылжыта орындады. Әшірәлі Арайлым мен Оңалтай Аружан ақынға арнаған өздерінің арнау өлеңдерін оқыды. Студенттердің сахналастыруымен «Жетімдер үні» атты өлеңі мен «Мұқағалидың туылған күні» қойылымы көрерменнің поэзия саңлағына деген көзқарасына, ой-парасатына айқын мән кіргізді.
Айшықты астармен, тартымды тұспалмен, ұтқыр ұйқаспен көмкеріліп, рухани терең тебіреністің өрнекті өзегінен өрбитін көмескіге көзі қырағы біртума ақынның оралымды ойлары, күйінішті жан күйзелісі, сүйінішті сырлы сезімі айырықша дарынды, сағыныш сарынды өлмес өлең жолдарынан келісті көрініс тауып, жыр сүйер қауым Мұқағали рухына тағзым етіп, жан тебірентерліктей әсерлі өлеңдері арқылы өзімен сырласқандай күйде болды.
Мұратбек АНАРБАЙҰЛЫ,
«Сырдария» университетінің қауымдастырылған профессор м.а., философия докторы (PhD).