Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы «John Deere» компаниясының өкілдерін қабылдады. Мақсат – инвестиция тарту арқылы мақта шаруашылығына қажетті заманауи комбайндарды ауданда жөндеу, құрастыру орталықтарын ашу, жергілікті тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Аталмыш компанияның өкілі Аслан Ибрагимовтың айтуынша техникалық қызмет көрсету орталығы іске қосылған жағдайда негізгі құрам қолынан іс келетін жергілікті тұрғындардан жасақталатын болады.
Ұсыныс аудан әкімі Серік Мамытов тарапынан қолдау тауып, құрылыс жүргізуге арнайы жер де ұсынылды. Қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беруге уәде етті.
«Біз үшін ауданның дамуына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қаржы салатын әрбір инвестор маңызды. Өйткені, инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашылып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсарады. Қос тарап өз шарттарын айтып, ортақ келісімге келу жұмыстары жүретін болады. Біз қабылдайтын шешім бірінші кезекте аудан үшін тиімді болуы керек»,-деді аудан басшысы.
Айта кетейік, аудан бойынша бүгінде жұмысқа жарамды жалпы 224 мақта терім машиналарының 91 данасы «John Deere» маркалы комбайндары болса оның 20 данасы 2020 жылы, 14 данасы 2021 жылы, 18 данасы 2022 жылы алынған.
ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ.