ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов 2022 жылғы 28 шілдедегі облыс әкімі бекіткен «Түркістан облысы аумағында 2022-2023 жылдардағы қыс-көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты жүргізу бойынша атқарылуы тиіс инженерлік іс-шаралар» жоспарына сәйкес атқарылған жұмыстармен танысып шықты.

Асықата кенті аумағы бойынша жауын-шашын салдарынан жер бетіндегі суларды қашырту үшін Асықата кенті Б.Момышұлы көшесіндегі К-28-20 каналының бойынан «Тугайный» коллекторына дейін жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын қашыртқы қазылса, кент аумағында жауын-шашын салдарынан жиналған суларды қашырту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 6,99 млн. теңгеге Яссауи көшесі бойынан ұзындығы 580 метрді құрайтын науа (лоток) салынған.

Одан бөлек, кент маңынан қашыртқы қаздыру мақсатында аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан сметалық есептеме жасақталуда.

Сондай-ақ, Қарақай ауылдық округінде орналасқан ішкі шаруашылықаралық жүйедегі ұзындығы 1,463 шақырымды құрайтын ДВ-2-3-1 және ұзындығы 2,263 шақырым болатын ДВ-2-3 коллекторларына «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы Жетісай аудандық тік дренажды ұңғымаларды пайдалану өндірістік бөлімшесі тарапынан механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу үшін жоғары тұрған басшылық органдарға тиісті хаттар жолданып, 2023 жылдың жоспарына енгізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған коллекторлар жоспарға енгізіліп, қаражат бөлінген жағдайда 2023 жылы механикалық тазалаудан өткізілетін болады.

Ал, Қарақай елді мекенінің М.Сейдалиев көшесі бойындағы тік дренажды ұңғымаға «Жетісай-су» МКК тарапынан жерасты суын тарту қондырғысы орнаты­лып, ауылдық округ әкімінің 2022 жылғы 12 та­мыз­дағы №31 шешімімен Қараөзек ауылына 1, Қарақай ауылына 3, Кетебай ауылына 1, Сәтпаев ауылына 3, жалпы саны 8 тік дренажды ұңғыма құрылысын жүр­гізу үшін жер телімдері анықталып, кадастрлік жобасы әзірленген. Одан бөлек, Ынтымақ ауылдық округі, Әден ата елді мекенінде қыс-көктемгі толассыз жауын-шашын салдарынан су басу қауіпінің алдын-алу бойынша және төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында су қашыртқысының құрылыс жұмыстарын жүргізуге «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тара­пынан қажетті қаражат бөлініп, КС-4 қашыртқысына қазіргі таңда жалпы ұзындығы 3,8 шақырым қашыртқы қазу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу мақсатында Жетісай қаласы, Байтұрсынов көшесі бойынан жаңадан тік дренажды ұңғыма қазу жұмыстарына 2022 жылға жергілікті бюджеттен 40 млн. теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазыбек би ауылдық округі, Қазыбек би елді мекенінде 1,3 шақырым, Мақталы ауылдық округі, Мақталы және Жетісу елді мекендерінде 1,7 шақырым су қашырту арықтары қазылған. 2023 жылға аудандық бюджет есебінен су тасқынының алдын алу мақсатында арық-атыздар мен қашыртқылар қазу үшін жалпы соммасы 86 млн. 770 мың теңге бөлініп, Жаңа ауыл, Жылы су, Қарақай, Қазыбек би, Ж.Ералиев, Мақталы ауылдық округтерімен қатар Асықата кентінен қашыртқылар қазылған.

Жиналған суларды қашырту мақсатында қосымша 13 дана мотопомпа алуға қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда.

ЖЕТІСАЙ-АҚПАРАТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *