Жетісайлық еңбекқор азамат Қуанышбек Каюпов ауласының алдында шұбалшаң асырап ауыл шаруашылығына таптырмас биогумус табиғи тыңайтқышын өндіріп келеді. Бастапқыда 15 шаршы метр жерді пайдаланған. Қазіргі таңда 240 шаршы метрге ұлғайтып кәсібінен нәсіп көріп келеді.
Жетісай және Шардара аудандарындағы диқандар бүгінде Қуанышбектің өніміне тапсырысты алдынала беріп, кезекте тұрады. Кәсіпкер агроөнеркəсіпке ден қойғанына бірнеше жыл болған. Алайда, еккен егіндері өнім бермей шығынға шаш еттектен батқан. Себебі, жер сорланып, жарамсыз күйге түскен. Осының зардабын тартқан шаруа табиғи биогумус əзірлеуді қолға алыпты. Биогумус — шұбалшаңның асқазанынан қорытылып шыққан қалдық.
«Бұл топыраққа кез-келген өсімдік өседі және химиялық қоспасыз өнім алудың ең тимді жолы. Алдағы уақытта биогумус өндіру алқабын 2 мың шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша ауыл-аймақтағы малдың қиын қажетімізге жаратып, диханшылыққа пайдалы өнім шығаратын боламыз. Қазірдің өзінде биогумус өнімінің сұйық және қою түрлерін шығарып отырмыз. Биогумусты пайдалана отырып өнім сапасын 4 жылда 100 пайыз арттыруға болады»,-деді Қуанышбек Сыдықұлы.
Ол алғашында Калифорниядан 150 мың шұбалшаң сатып алып, басын көбейткен. Қазіргі кезде оның шағын жер телімінде жиырма бес миллионнан астам шұбалшаң өсіп жетілуде. Бағасы — литрі 70 теңге. Шұбалшаңды асырау үшін кез-келген мал мен құстың нәжісі жарамды екен.
Қуанышбек Каюповтың айтуынша республикамыздағы 6 мыңға жуық шұбалшаң өсірушілердің 3 мыңнан астамы Түркістан облысының азаматтары болса, оның 150-і Жетісай ауданында тұрады екен.
Б.НАЙМАНОВ.