«Әлемді сұлулық құтқарады» — деген қанатты сөз бар. Мен сол даналық сөзді айтқан авторынан кешірім сұрай отырып, сәл өзгертіп, «Әлемді музыка да құтқара алады» — деп батыл айтар едім. Музыка – ол еңбек, өнер, ол білім, әдептілік, ізеттілік, ол мейрімділік. Әлемдік ғылымда басқа тілге тәржімаланбайтын пән бар. Олар математика мен музыка. Сазды шығарма қалай жазылады, музыкалық білімі бар өзге ұлттар солай оқиды. Бұл пәннің ерекшелігі де осында. Ал, тәрбиелік мәні қандай? Менің осы саладағы біраз жылғы іс-тәжірибемде байқағаным, музыка әлемімен байланыстағы жасөспірім ешқандай тәртіп бұзушылыққа бармайды, ашық та жарқын, сыпайы да мейірімді сияқты ізгі қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Болашақ бүгінен басталады десек, онда біз келешекке кемелді ұрпақ дайындап отырмыз деген сөз. Ал шәкірті шың басынан көрінсе, ұстаз үшін одан асқан бақыт, одан асқан мұрат жоқ. Осы бағытта айтар болсам біздің Мырзашөл өңірінің халқы ежелден өнерді қадірлеген, күйді құрметтеген, әнді әлдилеген халық. Соның бір айғағы, іргетасының қаланғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен Асықата кентінде ірге тепкен саз өнерінің қарашаңырағы Ш.Қалдаяқов атындағы балалар саз мектебі талай түлекті түлеткен, алды Республикалық сахналарында өнер көрсетіп жүрген айтулы өнер ордасының берері көп құтты оқу орны. Бүгінгі таңда саз мектебінде, он жоғары білімді, он бір арнаулы орта білімді ұстаздар қызмет етеді. Мектебімізді басқарып отырған Е.Абилбашаров өзінің білімі, талапшылдығы, ерік-жігерінің мықтылығымен ұжымға үлгі. Ал ауызбіршілігі мықты, ынтымақты ұжымда еңбек өнімділігіде жоғары болатыны ежелден белгілі. Мектепте домбыра, фортепиано, қобыз, баян, аккордеон сыныптары жұмыс істеп, 150 шәкірт білім алуда. Оларға 20 мұғалім дәріс береді. Оқушыларымыздың арасында тума талант, дарындылары да жеткілікті. Соның айғағы, шәкірттеріміз Республикалық, халықаралық, облыстық, аудандық байқаулар мен сайыстарда оң нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Республикалық «Жұлдыздыға – жол», «Сәлем Астана», «Балдаурен», «Туған жер – Алтын бесігім», «Ғұмырдария», «Оңтүстік таланттары», «Өнерімді еліме арнаймын», «Білімді мәңгі ел», «Аналар асыл жандар», «Жұлдыздар жарқырайды» т.с.с. фистиваль жарыстарда шәкірттеріміз, аспапта ойнау, дәстүрлі және вокальды әндер орындауда биіктерден көрініп келеді. 2018 жылдың наурыз айында Шымкентте Қазақстан өнеріне еңбегі сіңген әншісі Майра Ильясованың «Жұлдыз болғың келсе» атты Республикалық дарынды балалар конкурсында мектебіміздің 4 сынып оқушысы Махан Ерасыл Бас жүлдені иеленіп, нәтижесінде талантты бала Астанаға шақырылып, 21 мамыр күні Астананың концерт залында, ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Айгүл Қосановамен бірге халық әні «Желкілдекті» орындап, Астана тұрғындарының ыстық ықыласына бөленді. Бұл концерт Ел арна, Хабар, Астана телеарналарынан көрсетілсе, «Ұлы дала мұрасы» Республикалық балалар байқауында 4 сынып оқушысы Байыптанов Нұрсұлтан – бас жүлдені иемденіп, тележүргізуші Дана Нұржігіттің «Дара бала» тележобасына қатысып, шілде айында «Балапан» телеарнасынан көрсетілді ұстазы Гүлзия Нәлібаева.
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде үнемі ізденіс үстіндегі талмай еңбектеніп жүрген мектеп ұстаздарының еңбегі еленіп түрлі марапаттарға ие болып келеді. Атап айтар болсақ Г.Нәлібаева, А.Абуова, А.Бөрібекова, Р.Исмайлова, З.Байғабылова, А.Бегалы, Ж.Утебекова, Ф.Сағындықова т.б мұғалімдердің есімдері аудан, облыс, қала берді республикаға таныс десек артық айтқандық емес. Мектеп ұжымы кент әкімшілігімен тығыз байланыста болып, аудан, аймақ көлемінде өтетін іс-шараларға белсенді қатысады. Сонымен қатар 2019 жылы «Самғатқан сан ұрпақты алтын ұя» атты мектебіміздің 50 жылдық мерей тойы аудан көлемінде тойланып, жоғары дәрежеде аталып өтті. Аталған іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Т.Мырзалиев, кент әкімі Б.Серіков, ардагер ұстаздар, және мектеп түлектері өздерінің ыстық ықыластарын білдірді.
Сөз соңында шығармашылық қабілеттіліктің белгілері әртүрлі болатындығы қиындық туғызады және де олар әлеуметтік ортамен тығыз байланысты. Біз ата-аналар баланың қандай болса да кез келген шығармашылық талпынысын құптауымыз керек. Себебі, оның астарында баланың таза, ашылмаған шығармашылық бастауы жатыр.
Өнерлі істе жеміс бар,
Өрелі істе жеңіс бар — демекші қорыта айтқанда өнер мектебінде дәріс алып жатқан оқушыларымыз әсемдік әлемінің ғажайып сырын түсініп, көркемдік атаулыны терең сезініп, одан рухани қанағат алып, өмір жайлы ой тоқтамдарын тереңдету арқылы мақсат – мұраттарын айқындап өнегелі істерге бейімделеді. Музыка – жан дүниені ерекше әсерге бөлейтін, адамды шуақты өмірге жетелейтін сыйқырлы өнер, құдіретті күш!
Ержигит АБИЛБАШАРОВ,
№2 Ш.Қалдаяқов атындағы Асықата балалар өнер мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы.