Жасөспірімдік шақ адам өміріндегі ең бір маңызды кезеңдердің бірі. Бұл жастағы балаларды кейде «Өтпелі кезеңде жүр» деп те атайды. Жасөспірім кезде физиологиялық және психологиялық өзгеріс болатынын есте ұстау керек. Көп жағдайда физиологиялық даму кезеңінде мінез-құлқына әсер етеді, қызығушылығы ауысады. Бұрын бала үшін отбасы, ата-анасы ғана болса, есейе келе жасөспірімдер үшін әлеуметтік орта маңызды. Сыныпта қанша досы бар, ортасында қаншалықты танымал, басқалар қалай қарайды, не ойлайды деген мәселе алдыңғы қатарға шығады. Осы конфликтілерден өту үшін іште болып жатқан неше түрлі күйзеліс пен арпалысты біреумен бөлісу керек.
Жасөспірімдерді психолог қажет елейтін жағдайлар:
— Тұлғааралық конфликт, кикілжің (отбасы, достар, туыстар арасында);
— өзін-өзі бағаламау;
— мінезінің тұйықталуы;
— агрессив болуы;
— маxаббат мәселесі;
— дәрі-дәрмек қолдану;
— компьютерлік ойындарға тәуелділік.
Үйдегі жылықабақ, қолайлы эмоциялық атмосфера жоғарыда аталған жағдайлардың болмауына оң ықпал етеді. Ата-ананың балаға көңіл бөліп, сырласуы, жеке пікірін, ойын сұрап, қызығушылығын білуі, оған түсіністікпен қарауы маңызды. Баланың қызығушылығы негізінде түрлі үйірмелерге беріп, мүмкіндігінше назар аударып, жақсы жағдай туғызу керек.
Барлық нәрседе шек керек. Дәрінің де дозасы асып кетсе, адам уланады. Жақсы көру керек, еркелету керек, бірақ кумирге айналдырмау керек. Бала бір жағынан шартсыз маxаббатты сезінгені дұрыс. Бірақ екінші жағынан жақсы мен жаманды ажырата алса, алдағы өмірде өзін, өзгелерді дұрыс бағалай алу қабілетіне ие болады. Ұл баланы ұл деп, қыз баланы қыз деп қарау керек. Үйінде бала болып еркелеп, қыз болып сыйластық көріп, мәпеленбеген қыз өсе келе өзін жақсы көруді, бағалауды үйренуі қиынға соғады.
Жасөспірім кезеңде баланы «тым еркін» типінде өсіру мен «тым қатал» түрде тәрбиелеу оларға кері әсер етеді.
Физиологиялық және психологиялық өзгеріс жүретін жасөспірімдік жаста оқушыларға өзін-өзі түсінуге, аталған кезеңді жеңіл өткізуіне мектептің педагог-психолог мамандары көмекке келеді.
Жасөспірімдермен жүргізілетін жұмыстарды мектептерде жүйелі ұйымдастыру, бір жағынан мектептегі педагог-психологтар тәжірибе алмассын деген мақсатта 2024 жылдың 31 қыркүйек күні аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің психологиялық қызмет бойынша әдіскері Ибадуллаева Қарақас Зейдинқызының ұйымдастыруымен «Жасөспірімдердің мінез-құлқындағы өзгерістердің байқалуы мен оны түзету жолдары» тақырыбында аудандық тәжірибелік семинар өткізілді.
Семинарда «М. Мәметова атындағы №33 ЖББМ» КММ-нің педагог-психологы Г. Шылмырзаева «Отбасы бақыты» тақырыбында ата-аналармен психологиялық тренинг өткізді. Тренинг барысында Г. Шылмырзаева жаңаша әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, семинарға қатысушы ата-аналар мен семинар қонақтарына жағымды эмоциялық көңіл-күй сыйлады. «М. Мәметова атындағы №33 ЖББМ» КММ-нің педагог-психологы Г.Сансызбай жасөспірім жастағы мектеп оқушыларымен «Біз өз күшімізге сенеміз» тақырыбында тренинг өткізді. Сондай-ақ, семинар қонақтарымен «Жақсы көңіл-күй жанға қуат» тақырыбында психологиялық ойын-жаттығуларын жоғары деңгейде өткізіп, семинар өз дәрежесінде өтуіне өз үлестерін қосты. Қазіргі таңда жасөспірімдердің дұрыс өсіп жетілуінде, жеке қабілетін дамытуда, дарынын ашуда, қоғамдық, шығармашылық белсенді әрекетін жүзеге асыруда аянбай еткен еңбектеріне шығармашылық табыс тілейміз.
Қарақас Ибадуллаева,
Жетісай ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің психологиялық қызмет бойынша әдіскері.