Жуырда «Асықата» жалпы білім беретін мектептің базасында Жетісай ауданының педагог-психологтарымен аудандық семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Семинар тренингтің мақсаты – жасөспірімдердің өздеріне деген сенімдерін арттыру, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, ата-аналарға бала тәрбиесінде көмек беретін ақпараттарды ұсыну, олардың тұлғалық ұстанымдарының дұрыс қалыптасуына көмек беріп, қолдау көрсету.
Семинарды Жетісай аудандық білім беру бөлімінің психологиялық қызмет бойынша әдіскері – Ибадуллаева Қарақас Зейдинқызы ашып, жұмысты жүргізіп отырды. Семинардың ұйымдастыру кезеңінде мұғалімдер мен ұстаздардың шығармашылық көрмесі, қысқаша концерттік бағдарламамен басталды. Қ.Ибадуллаева семинарда «Тәуекел тобындағы» оқушылармен жүргізілетін жұмыстарға тоқталып өтті. Тәуекел тобындағы оқушылармен жүргізілетін жеке жұмыс жоспарымен, М.Вайсман әдістемесі, Сезімдер мен көңіл-күйлер сауалнамасы, олармен жеке сұхбаттың жүргізілуін түсіндірді.
№39 «Асықата» ЖББМ педагог-психологы Жұбатханова Дүйсенай «Жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алудағы психологиялық диагностиканың ықпалы мен тиімділігі» атты тақырыбында семинарға қатысушылармен психологиялық диагностика жүргізіп, талдау жасап, тренинг ұйымдастырды. Жүргізілген іс-шарада өз біліктілігімен дараланған маман екендіктерін айқын көрсете білді. №39 «Асықата» ЖББМ педагог-психологы Мамасерипов Жаңабай «Менің жақсы жақтарым» тақырыбында психологиялық тренинг, ойын-жаттығулар жүргізді. Аталған іс-шаралар заманауи бала тәрбиесінде, психологиялық жағдаяттарды шеше білу тұсында өте тиімді бағыт-бағдар берді.
Қазіргі заманда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру, саналы тәрбие, сапалы білім беру басты заман талабы екенін көрсете білді. Осы орайда семинар қатысушылары жүргізілген іс-шаралар бойынша өз тұжырымды ойлары мен пікірлерін айтып, талдау жүргізіп, қорытынды ойларын айтты. Ұйымдастырылған семинар өз мақсатына жетіп, оқу тәрбие жұмыстарына игі әсерін бере білді. Өзін-өзі дамытудың, адамгершілік рухани, азаматтық, басқа да көптеген адами құндылықтарды қалыптастырудың негізгі формалары мен шарттарын көрсете білді.
Ел ертеңі болар ұрпаққа адами құндылықтардың дәнегін себуші осындай игі іс – шаралардың ұйымдастырылуына атсалысқан мектеп психологтары Д.Жұбатханова мен Ж.Мамасериповқа шығармашылық табыс, кәсіби шеберлік шыңына жете беруіне шынайы тілек білдіреміз.
Қарақас ИБАДУЛЛАЕВА,
Жетісай ауданының білім бөлімінің әдіскері.