Адамзаттың басты құндылықтары барша адам баласына ортақ десек те, тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас әлемде әртүрлі. Өкінішке қарай, көп жағдайда тарихты жасаушылар өзге елдерді қанға бөктіріп, өзіне бағындырған басқыншылар болып келеді. Көне, орта ғасырларда күштінің культі ерекше болды. Өзге елдерді басып-жаншу, бағынғысы келмесе, қырып-жою қалыпты жағдай болып есептелді. Ол үшін оларды ешкім кінәламады. Қайта көкке көтеріп, аңызға айналдырды. Осындай аңыздардың бірінде – Александр Македонский бүкіл жерді жаулап алып, жердің шетіне келеді. Жер біткен, ар жағында ештеңе көрінбейді, осыған өкінген патша: «Жаулап алатын жер жоқ, енді қайттым?!» деп жылапты дейді. Аңыздың басты мотиві – басқыншының данышпандығына, жаугерлік қабілетіне таңдану. Әділдік, ізгілік, обал-сауап секілді ұғымдар әлі есепке кіре қоймаған секілді. Диктаторларға, тирандарға табыну дәстүрі қалыптасты. Бұл құлдық сана дәуірі еді.
Әр халық өзінің ұлттық рәмізі етіп арыстан, самұрық құс, қасқыр, тағы басқа мейлінше қаһарлы жыртқыштардың бейнесін алды. Әрине, адам адамға қасқыр деген түсінікпен өмір кешкен заманда оны түсінуге де болады.
Біздің түсінбейтініміз – ХХІ ғасырдағы көзқарас. Адамзаттың ақыл-ойы аса үлкен қасіретті оқиғалар тұсында сілкініске, өзгеріске ұшырайды. Сондай оқиға Екінші дүниежүзілік соғыс болды. Әлем бойынша 70 миллионнан астам адам қаза болғаннан кейін, жер бетіндегі проблемаларды соғыспен шешу деген түсінік мағынасын жоғалта бастады. Бүкіл дүниежүзінің іргелі мемлекеттері жабылып әрең жеңген, өткен тарихтағы мақтаулы басқыншылар секілді әлемді қалтыратқан Гитлерді ешкім жақсы көре алмады. Басқыншының шын мәнінде кім екенін енді таныдық. Өйткені оның шапқыншылығынан зардап көрмеген адам жоқтың қасы еді. «Е, сен осындай екенсің ғой» деген ой жұрттың көкірегіне ұялағандай болды.
Мемлекеттер аумағының тұтастығын, шекаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжаттар қабылданып, халықаралық нормалардың бұзылмауын қадағалайтын Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды.
Осының бәрі тарихқа, тарихи тұлғаларға, бүгінгі өмірге – адам хақы, адамның бостандығы мен өмірі деген түсінік тұрғысынан қарауға мүмкіндік берді. ХХ ғасырдың соңын ала Кеңес одағы тарады. Әлемдік демократияның салтанаты бәрімізге жақындағандай болды. Лениннің, Сталиннің культі далада қалды деп ойладық. Алайда көп нәрсе біз ойлағандай болмады. Орта ғасыр ешқайда кетпепті. Империя, фашизм, ұлтшылдық, өзгелерді жек көру, басқыншыларды көкке көтеру идеялары әлемді әлі кезіп жүргеніне көз жеткіздік.
Адамзаттың басын біріктіретін негізінен, үш құндылық бар: әділдік, шындық, адамгершілік. Ұлттық идеология, саясат осы құндылықтарға негізделуі керек. Сонда ғана өркениеттің тірегі болып отырған елдермен бір боламыз. Саясатты қулық, алдап-арбау, саяси ойын деп түсінетін көзқарас ескірген. Мемлекет таза жүрекпен, адал ақылмен басқарылуға тиісті.
Жанар АҚШОРАЕВА,
«Б.Майлин атындағы №21 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тарих пәнінің мұғалімі.