Бала туылғаннан бастап айнала қоршаған ортамен танысу, үйрену, меңгеру секілді қабілеттерінің белсенділігі уақыт өткен сайын арта түседі. Осы бір белгілі кезеңде балабақша баланы дұрыс бағытта тәрбиелеуге жетелейді.
Қазіргі уақытта баланың шығармашылық қабілетін дамыту бойынша жұмыстың жаңа озық әдістері пайдалануда. Осыған орай 2024 жылдың 6 наурызы күні МКҚК «Аяулым» бөбекжай бақшасында ортаңғы «Айгөлек» тобына «Шатыққа толы жүрекпен» атты ашық сабақ өтілді. Шараның мақсаты — балабақша мен ата-аналар байланысын, отбасындағы тәрбиенің рөлін арттыру. Ата-аналардың тәрбиешіге деген қарым-қатынасын жақсарту. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту. Тәрбиешіге бала тәрбиесінде қолдау көрсету. Ата-ана мен тәрбиеші бірге бала тәрбиесіндегі мәселелерді бірге шешу. Ата-аналар балабақшасындағы іс-шараларға қатыса отырып тәрбиешіге қолдау көрсету. Сондай-ақ, дәстүрден тыс сурет салу технологиясымен сурет салу. Түстерді дұрыс ажырата отырып тапсырмаларды орындау. Салт-дәстүрді дәріптей отырып, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттыру. Шапшаңдыққа, ептілікке тәрбиелеу.
Ашық сабаққа ортаңғы топ балғындарының ата-аналары да арнайы қатыстырылып, сабақтың мәнді де тиімді өтуіне атсалысты.
Сабақта интелекті тақта, ақ қағаздар, сурет салуға қажетті құралдар, түрлі түсті қағаздан жасалған гүлдер, додекаэдр, бауырсақ суреттері, құрт жасауға арналған сүзбе қолданылды. Сөздік жұмыс бойынша белсенді сөздік қорлар — көйлек, гүлдің сабағы, гүлшанақтың суретін салып, дөңгелету секілді сөздер мен сөз тіркелстерін пайдаландым.
Әдіс-тәсілдер бойынша бейнеролик тамашалап, додекаэдр әдісі арқылы танысты, бастырма әдісімен сурет салып, қағаз гүлдерді жапсырды, сұрақ-жауаптар болып, сүзбені алақан арасына салып домалату арқылы құрт жасады. Әрбір дұрыс жасалған жұмыстар «Жaрайсың!» деген мақтау, мадақтау арқылы бағаланды.
Әлеуметтік эмоционалдық дағды бойынша көңілкүйімізді жаттықтырып, ата-аналар балалармен бірге шеңберге тұрып эмоционалды додекаэдрі бір-біріне беру арқылы есімдерін атап шықты. Екінші айналымда додекаэдрды қағып алған ата-ана эмоциаларды бет-әлпеттерімен қайталады.
Келесі кезекте интерактивті тақтадан бейнеролик тамашалап, жылдың қай мезгілі екенін әңгімелеп, балалар сұрақтарға жауап берді. Ал, «Анамызға әсем көйлек» бөлімінде аналарды ортаға шығарып, арнайы дайындалған көйлектер киіп, балалар жерде шашылып жатқан түрлі түсті қағаздан жасалған гүлдерді біртіндеп жинап аналарының үстіндегі арнайы киілген көйлекке желімдеп жапсырды.
Одан соң «Кім жылдам?» қимылды ойында аналар ортаға шығып бір қатарға орындыққа отырды. Жиналып тұрған жүрекшелерді балалар біртіндеп жылдам жүгіру арқылы аналарына беріп отырды. Әр жүрекшені әкеліп берген сайын бала анасының бетінен сүйеді. Ойын соңында жүрекшелерді санау арқылы кім көп жүрекше жинаса сол бала жеңіске жетті деп анықталады.
Ашық сабақта «Ыстық бауырсақ» дидактикалық ойын өткізіліп, астаудағы бауырсақтардың астында қазақтың ұлттық тағамдары және бұйымдары жасырылды. Бауырсақтың астында қандай зат екенін ата-анасымен бірге тауып, жауап берді.
Ертеңгілік қорытындысында жанұядағы ата-ана мен балабақша арасындағы қарым-қатынастың түрлі жақтарын тануға, баланы жан-жақты дамытуға арналған сабаққа атсалысқан ата-аналарға алғысымызды айтып, алдағы уақытта да біргелікте жұмыс жасауға шақырдық.
Гүлнұр МЫЛТЫҚБАЕВА,
МКҚК «Аяулым» бөбекжай бақшасының тәрбиешісі.