ХАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЖЕҢІЛДІКТЕР МЕН МҮМКІНДІКТЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНСА ДЕЙМІН

Қазақ елінің бүгінгі күнде жаңа ұраны — «Жаңа Қазақстан құрамыз» болып тұрғаны көптің көңіліне үлкен үміт ұялатуда. Жұмыссыздық пен қымбатшылықтың шырмауынан шыға алмаған қарапайым жұрт бейбіт ереуілге шығып, билікке жанайқайын жеткізді. Халық үніне құлақ асқан билік алда еліміз үшін көптеген оң өзгерістер болатынына сендірді.
Міне, сол халықты жұмылдырып, көшеге шығуына себеп болған мәселелердің бірі-жұмыссыздық пен табыс көзінің аздығы еді. Ендігі жерде ауызға алған мәселенің шешілуі бойынша Жетісай ауданында қандай шаруалар жүзеге асырылып жатқаны жөнінде Жетісай аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Жұмағали Төреқұлмен сұхбаттасқан болатынбыз.
-Ең алдымен Жаңа 2022 жыл Сізге және отбасыңызға береке, жұмы­сы­ңыз­ға аброй әкелсін деп тілейміз. Сонымен Жетісай ауданының жұмыссыз аза­мат­тарын жұмыспен қамту бойынша Сіз басқарып отырған орталықта былтыр қандай нәтижелі жұмыстар атқарылды?
-Рахмет жылы лебіздеріңізге, жаңа 2022 жыл ауданымыздың халқына құт- береке алып келсін, ал енді сұрақ бойынша айта кетейін, ауданымызда «Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы 9480 адамды қамту жоспар­лан­ға­ны­мен, 12 айдың қортындысы бойынша 11540 азамат қамтылып, жоспар 121,7% орын­далды. Оның санаттары бойынша: 7743 адам жұмыссыздар қатарынан, 1194 аза­мат нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар, 2603 адам жұмыс іздеп келушілер.
-Ауданда қанша жұмыссыз азаматтар бар, бүгінге дейін жұмыспен қамту орталығы арқалы қанша азамат тұрақты жұмыспен қамтылды?
— 2021 жылдың басынан бері жұмыспен қамту орталығына жалпы 7743 азамат жұ­мыссыздар ретінде тіркелді, 2021 жылдың қортындысы бойынша ресми тіркерлген 7743 жұмыссыз азамат бағдарламаның белсенді шараларына қатысып, тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды. Со­ны­мен қатар, жалпы 2021 жылы 5103 адам ор­талық арқылы тұрақты жұмысқа жолданды.
-Жастарға қайдан болса да жұмыс табылатыны белгілі, дегенмен елуден асқан ер азамат болсын, әйел адам бол­сын жұмысқа орналасуы бүгінгі таңда өте қиын жағдайға айналып отырғанын несіне жасырамыз. Жетісай ауданында қанша елуден асқан жұмыссыздар бар? Және оларды жұмыспен қамтуда кедергілер бар ма?
-Дұрыс айтасыз, істеймін деген аза­мат­қа жұмыс табылады. Дегенмен, көп ұйым­дарда жұмыс берушілер жас ерекшелігіне қарап, жұмысқа жастарды алғысы келеді. Алайда бұл 50 жастан асқан азаматтар мүлдем жұмысқа орналаса алмайды деген сөз емес, мысалы, 2021 жылы біздің ор­та­лық арқылы жұмыспен қамтудың белсенді шаралары негізінде 852 азамат, оның ішін­де 365 әйел уақытша және тұрақты жұ­мыстарға жолданған. Бұл дегеніміз, жұмыс іздеп келуші 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамту мүмкіндіктерін қарастыруға болады деген сөз.
-Қателеспесем, 3 жылдан бері отба­сылық кәсібін дамытуы үшін жеке аза­маттарға қайтарымсыз грант берілуде. Жалпы, осы грант бөлінгелі ауда­ны­мызда қанша азамат алды. Және олар ра­сымен де өз кәсіпкерлігін дамытуда ма? Грант иеленушілер немен айналысуда?
-Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2021-2025 жыл­дар­ға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу курсына қатысқан азаматтар мемлекеттік грант ала алады.
Аталған жобаға 18 жастан белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі, жұмыссыз немесе өздігінше жұмыспен қам­тылғандар санатындағы азаматтар қатыса алады. Осы жоба аясында 2019 жылы 780 адамға 390,6 млн. теңге, 2020 жылы 1418 адамға 787,1 млн. теңге және 2021 жылы 587 адамға 342,5 млн. теңге мемлекеттік гранттар берілді. Грант алушылар өздері ұсынған бизнес жоба аясында әртүрлі жұмыстарын жүргізеді. Грант алушы­лар­мен Орталық арасында келісім -шарт түзі­леді, шарт талаптары орындалмаған жағ­дайда грант алушы азаматтар берілген қар­жыны бюджетке қайтаратын болады. Егер, қайтарымсыз грант алып, кәсібін жолға қой­ған азаматтардың кәсіпкерлігі қызы­ғу­шы­лықтарыңызды тудырса, қашанда кездес­ті­ріп, өз көздеріңізбен көрулеріңізге біз де жәрдемдесе аламыз. Бұл тіпті, мемлекеттік бағдарламаның қалай жүзеге асып жат­қанын жалпы халық түсініп, сенім білдіруіне мүмкіндік болар еді деп ойлаймын.
-Микро кредит алушыларға қандай көмек берілуде?
-Шағын несиелеуге келетін болсақ, негі­зінен орталық тарапынан несие беріл­мейді, несиеге жолдама беріледі дегеніміз дұрысырақ. Яғни бағдарлама шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасын аяқтағандарға және жеке (дара) кәсіпкерлігі 3 жылдан астам уақыт әрекет етіп жатқан адамдарға өз кәсібін кеңейту мақсатында 4-6% ара­лы­ғында несиелер беріледі. Көп бала­лы от­ба­сылар санатындағы азаматтарға несиелеу 4% беріледі. Халықты жұмыспен қамту орталығының тарапынан аталған азамат­тарға несиеге жолдама беріледі. Қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ және «Ырыс» микро қар­жы ұйымы арқылы несиелер берілуде.
-Ауданымызға көрші мемлекеттер­ден қоныс аударған қандас бауыр­лар­дың жұмыспен қамтылуы қалай атқарылуда?
-Ауданымызға келген қандастарымыз, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін Қазақстан Республи­ка­сы­ның азаматтарымен тең жағдайда әлеу­меттiк қорғалумен және Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етiледi. Яғни қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыспен қамтуға көмектесеміз, ешқандай кедергілер болмайды.
-Жұмыспен қамту орталығының міндеті-жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар, жұмыс берішілермен де бір мәмілеге келу. Осындай тұрақты жұмыс орнын ұсынушылар тізімін атай өтсеңіз.
— Ия, сұрағыңыз орынды, біздің орталықтың міндеттерінің бірі- ол жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту болып табылады. Осыған орай бізге аумақтағы мекемелер, кәсіпорындар және кәсіпкерлерден ұдайы түрлі ұсыныстар келіп отырады, біз олармен мәмілеге келіп, ұсыныстарды жұмыссыз азаматтарға ұсынамыз. Ұсынылатын қызметтердің көбісі негізінен қызмет көрсету саласы болып табылады. Бұл жағдай үнемі өзгеріп отыратындықтан, мысалы бір ұйымнан жұмыс ұсынып келеді, біз жұмысшыларға ұсыныс беріп, жолдаймыз. Әрі қарай ұйымдармен солай жұмыстар жүргізіле береді. Осыған орай бүгінгі таңда жұмыс ұсынушылар тізімін атау қиыншылық тудырады.
-Оңтүстіктен солтүстік өңірге көшу мәселесі ауданда қалай өрбуде? Және көшкен отбасылардың ол жақтағы тыныс-тіршілігін бақылап отырасыздар ма?
-Тұрғындарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру барысындағы негізгі фактор- жұмыспен қамтамасыз ету екендігі белгілі. Осыған орай солтүстік өңірлерден арнайы делегациялар келіп жергілікті уәкілетті органдармен бірлесіп арнайы кездесулер және солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы жәрмеңкелер жиі өткізілуде. Кездесулер сұрақ-жауап форматында өткізіліп, тұрғындар барлық сұрақтарға жауаптар алады. Аталған кездесулер 2021 жылы 2 рет өтті. Сонымен қатар солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы жәрмеңкелер де 2 рет өткізілді. Аталған жәрмеңкеде мамандар теріскейге қоныс аударғысы келетіндерге жобаның тиімді тұстарын түсіндірді. Аталған жоба басталғалы Жетісай ауданынан теріскейге 48 отбасы (192 адам) қоныс аударған. Солтүстік өңірлерге көшкен отбасылардың тыныс-тіршілігі жайлы сол жақтың мамандарымен біздің орталықтың бекітілген мамандары ұдайы байланыста болып, аталған азаматтар өңірге қоныстанғанша бақылап отырады. Осы жақтан көшетін азаматтарға орталық мамандары толық қолдау көрсетіп, ол жақтағы мемлекеттен көрсетілетін жеңілдіктер жайлы толық ақпарат береді.
-Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев жуырда ғана халыққа арнаған «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы-тәуелсіздік кепілі» атты мәлімдемесінде техникалық оқу орындарының қатарын арттыруға пәрмен беру керек деді. Бұл дегеніміз техника саласында жас мамандарды көбейту деген сөз. Ауданымыз аграрлы болғандықтан бұл жоба біз үшін өте қажет дүние екені сөзсіз. Осы бойынша ауданда қандай жұмыстар атқарылмақ?
-Халықты жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік мекеме болып табылғандықтан бекітілген Заң, қағида, ережеге және жоспарға сәйкес жұмыс жасаймыз. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Орталыққа мамандығы бойынша жұмыс іздеп келген жастар болса, мамандығына сәйкес біз оларды тіркеуге, жұмысқа жолдауға мімдеттіміз, яғни белгілі бір мамандыққа басымдық беру нормативтік-құқықтық актілерге қарама қайшы болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған тапсырманы берген соң елімізде жастарды қолдау бойынша алғы шарттары басталды десек қателеспейміз, өйткені «Жастар практикасы» бағдарламасы ағымдағы жылдан бастап ұзақтығы 12 айға созылады және жалақысы 30 АЕК (91 890 теңге) болып бекітілуде. Ал, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 29 жасқа дейінгі жастар 18 айға жолданады және жалақысы 30 АЕК (91 890 теңге) құрайды. Осы бағдарламалар жастарға үлкен мүмкіндік, қолдау деп санаймын.
— Өзіңіз Жетісай аудандық мәсли­ха­ты­ның алтыншы және жетінші шақырылымының депутаты болғандықтан жас буын депуттардың көшін бастаушысыз деуге болатында шығар. Бүгінде жас депутаттар қатары көбейгені құптарлық жағдай дер едік егер ауданының тыныс-тіршілігіне жаңашыл леп еніп жатса. Осы жас депутаттар бірігіп, ауданды одан әрі дамыту жолында құрған ортақ жоба, мақсаттарыңыз бар ма?
-Өздеріңізге белгілі, 2021 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан парламенті мәжілісі мен алғаш рет жергілікті мәслихаттар де­пу­таттарын партиялық тізім бойынша сайлау өткізілді. Бұл сайлаудың ерекшелігі- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес алғаш рет партия­лық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдеріс­терге белсенді қатысуына септігін тигізеді деп санаймын. Бүгінде жас депутаттар ауда­нымыздың тыныс-тіршілігін көркейту мақсатында өз жұмыстарын белсенді түрде атқаруда. Депутаттар әр ауылдық округке бекітіліп, сол округтің өзекті мәселелерін көтеріп, депутаттық сауалдар жолдап, сол өңірдің қоғамдық-экономикалық дамуына атсалысуда.
Аға буынның ақылымен, жас буынның қолдауымен барлығымыз бірлесіп ауданымызды дамыту мақсатында біршама жобаларды ұсынып, жүзеге асыру жолында жұ­мыстар жүргізіп келеміз. Алдағы уақытта аудан кәсіпкерлерімен бірлесіп, ортақ бизнес жасап, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға күш салу жобасын жүзеге асыру ниетіндеміз.
-Бәрекелді! Ниеттеріңізге жетіңіздер. Депутат ретінде бір жыл көлемінде атқарған жұмыстарыңызды қорытындылап, халық бірлігін нығайтуға бағытталған жылы лебіздеріңізді білдірсеңіз.
-Депутат ретінде өткен жылы біршама жұмыстар атқардым десем мақтанғаным болмас. Ауданның тыныс-тіршілігіне, қоғам­дық мәселерге араластық, қайырымдылық жұмыстарына да белсене қатыстық, пар­тия­ның бекітілген жоспарына сәйкес тап­сырмалары бар, оларды да өз деңгейінде орындауға күш салдық, бірақ сөздің қысқасы әлі жаспыз, бойымызда күш-қуат бар кезде елге берерім көп деп санаймын, атқаратын жұмыстар алда, бағасын ел бере жатар деп ойлаймын. Сондықтан қазірге атқарылған жұмыстарды қорытындылауға ерте.
Жалпы бүгінде «Жаңа Қазақстан» құру мәселесі өзекті боп тұр. Осы ретте мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа үлкен қолдау керек. Әсіресе, жас­тар тарапынан үлкен қолдаулар болуы қажет. Өйткені, елдің болашағын құрайтын — жастар. Халық қалаулысы, жас депутат ре­тінде айтарым — аудан жастарын қоғамдық мәселелерге атсалысуға шақырған болар едім. Шағын және орта кәсіпкерлікке ден қоюға, бизнеске бет бұруға, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен мүм­кіндіктерді тиімді пайдалануға кеңес беремін.
Бір сөзбен айтқанда, жастар бәсекеге қабілетті, отаншыл, патриот болу керек деп есептеймін. Мен ел азаматы ретінде тұрғындарды еліміздің болашағына сеніммен қа­рауға үндеймін. Ең бастысы — ел ішіндегі ын­тымақ пен бірлікті сақтап, ел ішін даудан, шекарамызды жаудан қорғауымыз ләзім. Біз яғни, жастар ел болашағына бей-жай қара­мауымыз керек. Халқымыз аман болсын, ауыз біршілігіміз бекем болсын!
-Ауданымыздың тұрғындары үшін маңызды да қажетті сұхбат болды деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да халықтың арқа сүйер сенімді өкілі болып қала бересіз деп сенеміз.
-Рахмет. «Жаңа Жетісай» газетінің оқырмандары мен қолдаушылары көп болсын!
Сұхбаттасқан: А.ТАСТАНБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *