Мектеп және университет: мамандық таңдау – адам өміріндегі маңызды қадам

 Жуырда Жетісай ауданы білім бөліміне қарасты №10 «Қайнар» мектеп-гимназиясының бітіруші сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру мақсатында Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., филология ғылымдарының кандидаты Абенова Ләззатпен «Мамандық таңдау – маңызды қадам» атты сырлы сұхбат, әдеби кеш және «ХХІ ғасыр және Абай ілімі» деген тақырыпта ашық лекция өтті.

Мамандық таңдау – тек оқу мен диплом алу ғана емес, бұл – өз өмір жолыңды дұрыс таңдау. Сондықтан болашаққа қадам басар кезде талапкердің де, ата-ананың да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал.

Десек те, ол кейде біздің айтқанымыздай бола бермейді. Мамандық таңдау уақыт пен түсінікті қажет етеді. Біз өзіміздің әлсіз және күшті қасиеттерімізді, қабілетімізді, мінезіміздің ерекшеліктері туралы мақсатты түрде ойлануымыз керек.

Мамандықты дұрыс таңдап, қоғамда лайықты орнын табу оңай шаруа емес. Таңдау жасамас бұрын, «Болашақ мамандығыңыздан не күтесіз?» деген сұраққа шынайы жауап беріңіз. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты.

Барлық мамандық маңызды. Кейбіреулері математикалық қабілеттерді қажет етеді, басқалары шығармашылықты қажет етеді, енді біреулері дене шынықтыруды қажет етеді. Жақсы немесе жаман мамандық болмайды, тек Сізге ұнайтын немесе ұнамайтын мамандық бар. Өмірде бәрі бір-бірімен байланысты болғандықтан, дұрыс мамандық өмірдің барлық саласына әсер етеді. Таңдау неғұрлым сәтті болса, өмір жолы соғұрлым қызықты және табысты болады.

Әдеби-сазды кеш барысында мектеп оқушылары Абай өлеңдерін оқыды, ұлы ақынға деген сүйіспеншілігін арнау өлеңдері арқылы жеткізді. Ашық, еркін форматқа құрылған кездесуде Жұмабек Ахметұлы Тәшенев университетінің даму болашағы, артықшылығы, мүмкіндігі, оқытудың өзіндік әдіс-тәсілі жөнінде толық мағлұмат берілді, бейнебаян көрсетілді. Студенттік шақ туралы қызықты әңгіме өрбіді. Оқушылар мен ата-аналарды, мұғалімдерді толғандырған көп сұрақтарға жауап берілді.

Түйіндей келе, жастарымыздың болашақ мамандығын таңдауға жауапкершілікпен қарауын сұранамыз. Бұл — әрбір жастың өміріндегі маңызды сәт!

Алмас Тургунбаев,

№10 «Қайнар» мектеп-гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директорының бейіндік оқыту жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *