М. Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектебінде ағымдағы жылдың 13 ақпан күні ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған дәстүрлі әдеби-мәдени шара – Мұқағали оқулары биыл да жоғары деңгейде өтті. Байқауға мектебіміздің 6-10 сыныптардан оқуға құштар оқушылар қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаевтың бай әдеби мұрасын дәріптеп, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау.
Іс-шара барысында қатысушылар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, оның әнге айналған жырларын орындап, авторлық шығармашылықтарын ұсынды. Қазылар алқасы көркемдік шеберлік пен орындаушылық қабілетті ерекше бағалады. Бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар анықталып, үздік өнер көрсеткендер арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздар арасында ерекше көзге түскен Жас таланттар қатарынан ақынның шығармашылығын жаңаша қырынан танытып, өзге стильде орындағандар да болды. Атап айтқанда жүлделі бірінші орынды ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу бағыты бойынша 7 «Ә» сынып оқушысы Аралбай Кәусар, ақын поэмаларын жатқа айту бағыты бойынша 8 «а» сынып оқушысы Иса Кәусар, авторлық шығармашылық бағыты бойынша 9 «Б» сынып оқушысы Асылхан Кәусар иеленді. Жеңімпаздарымыз «Мұқағали Мақатаев оқулары» баайқауының аудандық кезеңінде мектептің намысын қорғайды деп сенеміз.
Шара соңында мектеп директоры У. Примбекова, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Н. Тобақабыловтар Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер айтып, оның поэзиясының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Мұқағали шығармашылығына деген құрметі мен сүйіспеншілігін көрсете білген жас ақын қызымыз Асылхан Кәусардың жүлделі туындысын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Жасайсың миллиондар жүрегінде!
Мұқағали, мұңын неткен қалың еді,
Жырың жанды жылытқан жалын еді.
Сөздің құнын, құдіретін сезіндіріп,
Жүректерге нұр құйған жауын еді.
«Нағыз ақын кім?» десе сен дер едім,
Ауырсам жырыңды оқып емделемін.
Тау көрсем, тау тұлғаң көлбеңдейді,
Тауға қарап бой түзеп мен келемін.
Мұқағали, қырық бесінші көктеміңде,
Қанатын ұстап қыранның кеткенің бе?
«Тау-менің дәу бесігім» деген едің,
Өмірдің асау толқын өткелінде.
Мініп алып желдей жүйрік күреңіне,
Ғасырларға жалғасты өлеңің де.
Сені өлді дей алмаймын өлген жоқсың,
Жасайсың миллиондар жүрегінде!
Мұндай әдеби кештердің өткізілуі рухани мұрамызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Нұрлан Тобақабылов,
М. Шоқай атындағы ЖББМ-тің ДОЖЖО, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.