Мұстафа Шоқай – ұлы саяси тұлға

«Ұлы тұлғаларын білмейінше бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз» деп айтылған сөздер еліміздің тәуелсіздік алып, саяси дербес даму жолына түсуіне байланысты түрлі саяси күштердің, ағымдардың, оның жетекшілері мен идеологтарының халық санасын оятып, адамзаттың ұлы өркениет көшінен қалмай алға жылжуына еңбегін сіңірген тарихтағы саяси тұлғалардың еңбектерін тарихи тұрғыдан сараптап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызы артып жатыр. Елдің келешегі үшін жанқиярлық еңбектерімен өзінің өмірін, білімі мен күш-жігерін арнаған азматтар жайлы кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстырып өту таныстырып қана қоймай, осы ел үшін күрескен азаматтардың өмірі мен саяси қызметтері жөнінде жан-жақты жеткізіп, жас ұрпақты тәрбиелеу мақсаты тұр.  Осындай саяси тұлғалардың бірі – қазақ мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, тәуелсіз және біртұтас Түркістанның идеологы, Түркістан автономиясының 1917-1918 жылдардағы екінші министр-төрағасы, 1917-1920 жылдары Алашорда үкіметі халық кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарған Мұстафа Шоқай. Ол-туған халқының ғана емес, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен, грузин, әзірбайжан және басқа да Ресей империясына бодан болған халықтардың бостандығы үшін күрескен тұлға.

Кеңес өкіметі кезінде М.Шоқайдың қызметі мен тарихи-публистикалық жұмыстары саяси және идеологиялық тұрғыдан сынға алынып, негізсіз бұрмаланып келді. Олар қазірге дейін М.Шоқайды «өте күрделі тұлға» деп бағалап, «Түркістан легионына» жетекшілік етті және оның бастауында тұрды деген кеңестік идеологиядан айнымауда.

Ол – Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. 1910 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түскен күнінен бастап М.Шоқай дүниетанымының қалыптасуы, бір жағынан, түркішілдік-мұсылмандық қозғалыстың (жетекшісі С. Жантөрин), екінші жағынан “батысшылдар” демократиялық-либералдық қозғалысының (жетекшісі Ә. Бөкейханов) ықпалымен өтеді.

Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданып, 1910 жылы «Алтын медальға» бітіреді. Ташкентте оқып жүрген кезінде жерлестерінің жер-су мәселесі, орыс қоныстанушыларының жергілікті халыққа көрсетіп отырған зәбір-жалалары жөнінде арыз-шағымдарымен генерал-губернатор А. Самсоновқа кіріп, талай қазақтың құқықтарын қорғаған. 1914 жылдың көктемінде Мұстафа Петербургте оқып жүрген түркі жастарының патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады. Оған 31 өзбек, татар, башқұрт, қазақ студенттері қол қояды. Бұл М.Шоқайдың саяси қозғалысқа біржолата тартылуының, ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер қатарынан берік орын алғандығын көрсетеді. Түркі халықтары тарапынан сөйлейтін бүркеншік діни құрылымдар мен басылымдарды ұйымдастыру арқылы патша өкі­метінің ұлт-азаттық қозғалысын іштен бүлдіруге бағытталған арандатушылық саясатының қауіптілігін жете түсінуі, ол жөнінде өз пікірін ашық білдіруі М.Шоқайдың саяси ұйымының қалыптасып, шыңдала түскендігінің куәсі еді.

1913-1918 жылдары шығып тұрған «Қазақ» газетін бүкіл қазақ жұрты оқып, оңы мен солын тани бастайды. М.Шоқай Алаш туын Ахмет, Әлихан, Міржақып ағаларымен бірге көтерісті. «Үш Алыпты» өмір бойы ұлықтап өтті. А. Байтұрсыновтың «Қырық мысалын», Ә. Бөкейхановтың «Қырғыздары», М. Дулатовтың «Оян, қазақ» өлеңдер жинағын рухани азық ретінде санап, оларды ұлт зиялылары, ұлы тұлғалар деп үнемі еске алып отыратын. Ә. Бөкейханов ылғи да бізге «Ұлтқа пайдалы адам болғың келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі ақ көрсетіп береді» дейтін. Осы сөздерін біз«Мемлекетіміз үшін ең үрейлі қатердің қай жақтан келе жатқанын сонда ғана түсіндік» деп жазды. 1917 жылы патша тағынан құлаған соң Петроградта жүрген кезінде өлкенің жергілікті халқының өзін-өзі басқару құқығын қастамасыз ету жөнінде Мұсылман фракциясында көптен бері жинақталған ой-пікірлерге негізделген жоспар жасауға кірісті. М.Шоқай «1917 жыл туралы естеліктерден үзінді» атты кітабында Түркістан өлкелік атқару комитетінің 1917 жылы 9-16 сәуір күндері өткен сьезінде еуропалық халықтың делегаттары басым көп болып, орыс емес жергілікті халықты билік басынан көргісі келмейтіндерін ашық айтты, деп жазды.

Түркістан автономиясының Халық кеңесі үкімет жасақтауды қолға алды. Мұны олар «уақытша үкімет»  деп белгіледі. Сонымен Түркістан үкіметінің мүшелері мына тұлғалар: Мұхаметжан Тынышбайұлы — Үкімет төрағасы және ішкі істер министрі; Мұстафа Шоқай — Ұлттық кеңес төрағасы және сыртқы істер министрі; Шахислам Шахиахметов Үкімет төрағасының орынбасары және қаржы министрі болды. М.Шоқай Түркістандағы ашаршылықты большевиктердің саналы түрде қолдан ұйымдастырған шарасы екенін суреттейді. 1920 жылы «Вольный горец» газетінің үш бірдей санында жарияланған «Кеңес өкіметі және қырғыздар» деген туындысында қазақ интелегенциясының түгелге жуығы «Алаш» туының астында топтасқандығын, большевиктердің «Үш жүз» партиясын «Алашқа» қарсы қойып, ұлттық қозғалысқа қарсы іріткі салғанын баяндайды. «Қырғыз (Қазақ) өлкесі мен Түркістан біртұтас аймақ ретінде түсінілді, деп жазды өзі. Осының бір көрінісі Түркістан автономиялық үкіметінің мүшесі М.Шоқайдың бір мезгілде Алашорда үкіметінің де мүшесі болып сайлануы. «Түркістанда» атты еңбегінде Алашорда автономиясының қалай құрылғандығына тоқталып, сьезде екі түрлі пікірдің орын алғандығы туралы, бірі Ресейдің автономды бөлігі – Сібірмен қосылуды жақтаса, бірі Алашорда мен Түркістанның толық бірігуін қолдағанын айтады. Бастапқы кезде кеңес үкіметі қазақтардың ұсыныстарымен келіседі де ЕС жиып алған соң «Алашорда» үкіметін қуып таратады.

«Бірлік туы», «Улуг Туркестан», «Туркестанские ведомости», «Туркестанский вестник» газеттерінде жазған мақалаларында М.Шоқай Түркістан өлкесі халқын автономиясы төңірегіне топтастыруы, Түркістан Мұхтариятын жариялау, Уақытша үкімет қолдауына сүйенуге әрекеттенушілік, большевиктердің автономияны жаныштауы жөнінде баяндайды. Кадеттер эсерлердің саяси одақтас ретінде «қауқарсыздығы» мен шовинистік пиғылынан түңілген Мұстафа Маңғыстау арқылы Әзербайжанға өтті. 1919 жылы Қызыл армия Әзербайжанды басып алғаннан кейін наурыз айының аяғында Грузияға қоныс аударды. Кавказ басылымдарында Түркістандағы ашаршылықты большевиктер саналы түрде қолдан ұйымдастырғаны Кеңес өкіметін орнатудың бір құралы деп есептеді. 1921 жылы 25 ақпанда Түркияға көшкен М.Шоқай көп аялдамай 1923 жылы Францияға қоныс аударып, Париж қаласында «Түркістан ұлттық қозғалысы» тақырыбында мақала жариялады. Ол мақалада Кеңес өкіметінің Ресей құрамындағы мұсылман халыққа еркіндік бермейтінін ашып айтты.

Кеңес өкіметі М.Шоқайға елге қайтып келуге оған лауазымды қызмет беруге келіседі. Ол бірақ, жеке өзінің қауіпсіздігінің сақталатынына сенбей, елге келуден бас тартады. 

«Жас Түркістан» журналында үнемі Кеңес Одағындағы ұжымдастыру барысындағы келеңсіз саясаттың соңы халықтың ашаршылыққа ұшыратуы мүмкін екенін дәл болжап, өкінішке орай оның расқа айналғанын көрсетті. Кеңестік саяси жүйенің әдейі халыққа қарсы жасаған әрекеттерін үнемі әшкерелеп отырды. Саяси, экономикалық, әлеуметтік жағынан жан-жақты анализдер мен болжамдар жасап отырды. Кеңес Одағы М.Шоқайды қас жауы көрді, себебі батыс баспасөзі беттерінде олардың басқа халықтарға жасаған озбырлықтарын үнемі жариялап әшкерелеп отырды. 1929 жылы «Кеңес одағының ішкі және сыртқы саясаты туралы» ғылыми теориялық конференция ұйымдастырды. «Сталин социализмі – тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» деген 1937 жылы жазған мақаласында Кеңес үкіметінің өз халқына жасаған тонаушылық саясатына экономикалық тұрғыдан талдау жасады. Осылай М.Шоқай Кеңес үкіметінің шетелдегі басты дұшпанына айналады. Білімі – терең, ақылы асқан қазақ перзенті түрік жамиғатының бірлігі мен коммунистік қоғамның халыққа тигізер ықпалы жөнінде ондаған мақала жазды. Мақала дерегі талдау мен таразылаудан тұрды. 1936 жылы КСРО конституциясындағы логикалық қайшылықтарды дәлме-дәл түсіндірді. Белсенді, саналы, ынталы азаматтар ғана коммунистік ұйымдарға біріге алады» деген Конституция бабын сөзбе-сөз жүйелей келе, «Компартияға кірмеген адамдар белсенді, ынталы және саналы болып саналмайды деген сөз. Ал КСРО-да коммунист емес адамдар халықтың 98 %» деп жазады. Сондай-ақ жеке адамның тарихтағы рөлін жоққа шығаратын марксизм идеяларын, Сталиннің жеке басқа табынушылығын нақты фактылармен дәлелдеп атап көрсетіп береді.

М.Шоқайдың өмір жолы өнегеге толы болды. Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған М.Шоқай 20 ғасыр кезеңінде адамзат баласының айтулы перзенті болды. Оның бойында біз біліп үлгірмеген, тарихымен таныспаған талай рухани қазыналар жатыр. Ол Түркістан халқын орыс диктатурасынан қорғауға күш салды. М.Шоқай осынау таза табиғи қалпымен, көптің көзі жетпейтін шың басындағы шынар секілді еді. Тамырын тасқа жайған шынар жалғыз өседі, жүзін күн сүйіп, жапырағын жел тарайды. Шыңдағы шынар секілді М.Шоқай да жиырмасыншы ғасырдан өтіп, асыл ой, азаматтық қалпымен жиырма бірінші ғасырға келді. Ол жайында әлі көптеген зерттеулерді қажет ететін жұмыстар жеткілікті. М.Шоқайдың біз білмейтін мұралары мен ол жөнінде жаңа деректерді зерттеуді тарихшы ғалымдардың еншісіне қалдырайық.

 Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылдың 23 мамырындағы №775 қаулысымен қазақтың біртуар ұлы атымен «М.Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектеп» болып аталған ұлы тұлғаның өмірі мен саяси қызметі туралы өскелең ұрпаққа жеткізу, отансүйгіш азаматтар болып өсуіне тәрбиелеу-біз үшін ең басты мақсат.  

Болат Сералиев,

тарих пәні мұғалімі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *