ПОЛИЦИЯ БАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСЫ ТЫҢДАЛДЫ

Жалпы, полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Тарихты парақтап, парықтасақ полиция әу баста құрылған кезден адамды, адам құқығын, Конституция мен заңды қорғау үшін құрылғандығын түйсінеміз.
Полиция болу – екінің бірі қолынан келе бермейтін таңдаулы мамандық. Физикалық және адами тұрғыда мықтылық, білім, кез-келген заңды жете меңгеруі қатаң талап етілетін полиция қызметі мансап пен бақ қуғандар үшін ғажайып баспалдақ емес, әділдікпен жақтас, жемқорлықпен ат құйрығын кесіскен мамандық.
Осындай жауапты сала мамандарының атқарған жылдық жұмыстарының есебін Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Ермахан Абдраманов жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Елдегі карантиндік талаптарға сәйкес онлайн форматта өткен жиынға аудан әкімі Мұрат Болатұлы мен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Ауданның бас полицейінің мәліметінше өткен жылдың 12 айында қасақана денсаулыққа ауыр зиян келтіру қылмыстары 50%-ға, тонау 14,3%-ға, қарақшылық 100%-ға, бұзақылық 52,6%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 3,8%-ға, жеңіл және орта дәрежелі қылмыстар 4,6%-ға және жеңіл дәрежелі қылмыстарының 12,8%-ға кеміген.
Сонымен қатар, алаяқтық қылмыстарымен жүйелі түрде айналысып жүрген 2 қылмыскер жеке құрам қызметкерлерінің ұйымдасып атқарған жұмыстарының арқасында қамалып, тергеу амалдарын жүргізу нәтижесінде олар тарапынан жасалған 18 эпизодтық қылмыстық істер өз дәлелін тапқан. Ал, интернет алаяқтығымен айналысып жүрген 1 тұлға құрықталып, 8 эпизодтық іс бойынша сотқа жолданған. Оқу орындарының студенттерін ұйымдасқан түрде қорқыту және бопсалаумен айналысып жүрген 2 тұлғадан тұратын қылмыстық топтың 6 фактісі анықталса, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қолсұғылмаушылық қылмысын жасаған 1 тұлғаның 7 эпизоды дәлелденген.
Мұнан бөлек, дүкен ұрлығымен айналысқан 1 тұлғаның 4 фактісі, мал ұрлығы қылмыстарымен айналысып жүрген 5 күдіктіден құралған қылмыстық топтың 17 эпизодтық ісі дәлелін тапқан.
Ауылдағы ағайынның күн көрісіне жарап отырған жайылымдағы малын ұрлату фактілерінің алдын алу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда.
«Мал ұрлығының басты себептерінің бірі, тұрғындар малдарын жайылымдық жерлерге қараусыз жіберуінің салдарынан. Сондықтан Жетісай АПБ-нің ықпал жасауымен аудан әкімдігіне ұсыныс жолданып, нәтижесінде аудандағы әрбір ауылдық округтерде иесіз жүрген малдарды уақытша иесі табылғанға дейін ұстайтын мал қоралар ашылды. Онда малдарға жем шөптермен қамтамасыз етуді ауыл әкімдері жауапкершілікке алған.
Мал ұрлығының алдын алу мақсатында бүгінде мал иесі, падашы және жергілікті орган арасындағы 3 жақты 725 меморандум жасалған. Осындай келісім шарттар арқылы біздер малдардың қараусыз қалуының алдын алып қана қоймай, қылмыскерлердің жайылымда жүрген малдарды емін-еркін жымқыруына тосқауыл қоямыз»,-деді Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшысы Ермахан Әділханұлы.
Аудандағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, жолын кесу және болдырмау мақсатында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстарының нәтижесінде былтырғы жылдың 12 айы мен ағымдағы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыстар саны 41,2%-ға, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны 66,7%-ға, мас халде жасалған қылмыстар саны 20,9%-ға, топтасып жасалған қылмыстар саны 46,9%-ға, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 13,6%-ға, көшеде жасалған қылмыстар саны 18%-ға, қарумен жасалған қылмыстар саны 75%-ға кеміген.
Есептік жиын соңында аудандық полиция бөлімінің басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда, тұрғындарды ақпараттандыруда бірігіп жұмыс жүргізуге дайын екендіктерін жеткізді.
Қорытындылай келе аудан әкімі мен тұрғындар, жиынға қатысушылар аудандық полиция бөлімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары бағасын беріп, істеріне сәттілік тіледі.
Б.НАЙМАНОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *