С.Мамытов: ЖЕТІСАЙДЫ ЖЕТІЛДІРУГЕ БАР ЖІГЕРІМДІ САЛАМЫН

Аудан тарихына жаңа леп әкелген еліміздегі ең жас әкімдердің бірі – Серік Үсенұлы Мамытовтың бүгінде ауданымыздың тізгінін ұстағанына 100 күнге жуықтап отыр. Әкім жұмысының бағасын беруге бұл уақыт аздық етер. Елеулі істер атқару үшін жоспарлау және орындауға кемі жылдан аса уақыт керек. Дегенмен, Серік Үсенұлының әкімдік қызметті атқарған 100 күндігіне орай алдағы атқарар істерінің іс-жоспарын нақтылауға және бүгінге дейін атқарған жұмыстарымен танысу үшін сұхбат алған болатынбыз.

— Мырзашөлдің төсінен орын алған Жетісайдай аграрлы ауданды басқарып, тығыз орналасқан халқына қызмет ету міндеті өзіңізге жүктелгеніне де үш айдан астам уақыт болыпты. Жалпы алғанда, Жетісайдай үлкен ауданды басқару ісімен бұрын соңды бетпе-бет келмегеніңіз еңбек жолыңыздан мәлім болғандықтан, әкім болу қызметі ұсынылғанда іштей жүрексініп, бұған дейін атбасын бұрмаған ауданның тарихымен, тыныс-тіршілігімен, көкейкесті мәселелерімен танысуды алдыңғы орынға қоятыныңыз сөзсіз, әрине. Айтыңызшы, ауданымызға келгелі жай-күйді саралап, қандай жоспарлар мен мақсаттар құрдыңыз?

— Мемлекеттің алдында тұрған негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, ұлттық экономиканы тұрақты дамыту. Мені алғаш рет Жетісай ауданына әкім етіп тағайындағанда жүрексінген жоқпын, керісінше осы қызметті сеніп тапсырғандықтан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімді қосамын деген нық сеніммен келдім. Аудан тұрғындарымен жүздестім, жылы жүзбен қарсы алды, кішіпейіл екендігін көрдім. Ата-бабамыз: «Кішіпейіл болғанмен, кішірейіп кетпейсің, өркөкірек болғанмен, ұлылыққа жетпейсің» деп, қарапайым болудың маңыздылығы турасында бекер айтпаған.

Жетісай табиғаты ерекше, аграрлы аудан, тұрғындардың негізгі күн көрісі ауылшаруашылығына байланысты. Шаруа-диқандардың өте еңбекқор екендігін, егістік алқаптарында тынымсыз еңбек етіп жүргендігін байқадым. Дегенмен бұл салада біршама өзекті мәселелердің бар екендігін де білдім. Атап айтсақ: ағын судың жетіспеушілігі, ағын су жүйелерінің тозығы жеткендігі, жердің мелиоративтік жағдайының нашарлауы секілді өзекті мәселелерді шешу үшін бүгінгі таңда тиісті мемлекеттік органдармен бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Бірінші кезекте қала, кент, ауылдық округтердің санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелендіруді, абаттандыруды, көгалдандыруды қолға алдық. Өйткені, тазалық болған жерде дені сау ұрпақ өседі. Ал, дені сау тұлға ғана елі мен жерінің жан-жақты өсіп-өркендеуіне үлес қосатын қоғамның толыққанды мүшесі бола алады.

Кейінгі кезекте, қылмыс пен құқықбұзушылықтардың алдын алу, орын алған қылмыстардың, жол көлік оқиғаларының дер кезінде ашылуына ықпал ету мақсатында бейнекамералар орнату, жол салу, газдандыру, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша нақты жоспарлар жасадық.

— Алғашқыда аудан жұртшылы­ғында жас жігіттің үлкен бір ауданды басқарып, мәселесімен бетпе бет келу шаруасы қолынан келе ме деген ой болғаны рас. Дегенмен, тынбай еңбектеніп жатқаныңызды көріп жүрміз. Халықтың ой-пікірі мен сенімінен шығу Сіз үшін қаншалықты маңызды?

— «Ақыл жастан, асыл тастан» деген сөзді айтқан халқымыз жас толқынның болашағынан үміт күткен болар. Содан бері неше ұрпақ ауысса да халықтың жастарға деген сенімі өзгерген жоқ. Жастар әркез қоғамның қозғаушы күші ретінде танылған. Бүгінде ауданды толық аралап, елді мекендердегі өзекті мәселелермен танысып, тұрғындармен кездесіп, кездесу барысында түскен өтініштер бойынша арнайы іс шаралар бекітілді. Бүгінгі таңда бюджет мүмкіншілігіне қарай тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

— Ауданның тізгінін қолға алған сәттен бастап алғаш жұмысыңызды ауданымыздың орталығы – Жетісай қаласының тазалығын ретке келтіруден бастадыңыз. Дегенмен, түбегейлі шешімін таба алмай жатқан осындай күрделі мәселенің түпкілікті шешілуіне не кедергі деп ойлайсыз? Қыстың қақаған суығы жазымен жайқалып тұратын шыршаларымыздың тамырын зақымдап, бүгінде қала­мыздың сәнін келтіріп тұратын қаншама ару шыршаларымыз қурап тұр. Қураған осындай ағаштарды жоюға тиісті мамандар не үшін асығар емес?

— Бүгінде қала, кент, барлық ауылдық округтердегі шешімін толық таппай келе жатқан тазалық жұмыстарын бір қалыпқа келтіру мақсатында коммуналды сала қызметкерлері мен мөлтек аудан билерінің, жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алғанбыз. Барлық елді мекендерде тазалық кестелері бекітіліп, мердігерлер тарапынан тиісті тазалық жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, көпшілік орындар мен адамдар жиі жүретін жерлерге тазалықты сақтау, санитарлық талаптарды орындауға шақыратын үнпарақшалар ілінуде. Мұның бәрі бірінші кезекте қоғамды қоқыстан тазартуға, тұрғындардың мәдениеттілігі мен тазалық жұмыстарын сақтауға, түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға оң ықпал етері сөзсіз.

2023 жылдың қаңтар айынан бастап ауа-райы күрт суып, аудан көлеміндегі жасыл шыршалар күннің суытуы салдарынан үсік шалып қураған. Қазіргі таңда «Жетісай қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қураған шыршаларды жою жұмыстары үшін жұмысшы топ құрылды. 2023 жылдың сәуір айының 24-ші жұлдызынан бастап қураған шыршаларды кесу жұмыстары жүргізілетінін болады. Сондай-ақ, қурамаған, бірақ, көгермей тұрған шыршалар мен түрлі декоратифті ағаштарды қалпына келтіру мақсатында арнайы мамандармен біргелікті тиісті жұмыстар жүргізілуде.

— Ауылшаруашылық саласын дамыту Жетісай ауданының алға қойған басты мақсаттарының бірі. Дегенмен, бұл бағытта айтарлықтай кедергілер бар екенінен хабар тапқан боларсыз. Жетісай ауданында бірнеше мыңдаған гектарға бау-бақша мен көкөніс дақылдары егілді. Бүгінде дайын болған өнімдерді саудаға шығару басталды. Шаруалардың негізгі базары Ресейде. Ал бұл көршілес мемлекеттің экономикалық жағдайынан хабарыңыз бар. Егер қазірден бастап дайын болған өнімдердің саудалану мәселесін нақтыламаса шаруалардың халі мүшкіл болмақ. Осыған орай пікіріңізді білсек, шаруалардың қамы үшін қандай әрекет етуге дайынсыз? «Ақ алтынымен» даңқы шыққан ауданымызда мақтаның күні жетім қыздың күнін кешіп келеді. Табиғи кедергілерден бөлек бағаның көңілді көншітпеуі де шаруаларға жығылған үстіне жұдырықтай тиюде. Оның дәлелі былтырғы мақта саудасы. Биыл да осы жағдай қайталанбас үшін жоспарларыңыз бар ма? Одан қала берді шаруалар үшін жеңілдетілген тыңайтқыш пен жанар-жағар майдың да құны құрықталмай тұр. Қазіргі таңда жеңілдетілген тыңайтқыштың бағасынан базар нарығы арзан. Бұған не айтасыз?

— Жетісай ауданы бойынша бүгінде 79,2 мың гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Ағымдағы жылы 44 мың гектар жерге мақта дақылын, 19 мың гектардан астам жерге бақша дақылдарын, 3,5 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдарын, 11 мың гектардан астам жерге мал азықтық дақылдарын егу жоспарланған.

Қазіргі таңда осы аталған дақылдары егу науқаны қызу жүргізілуде. Егістік алқаптарға дақылдарды егу науқанын ақпан айынан бастайтын еңбекқор шаруаларымыз 1700 гектардан астам жерге көкөніс дақылдарын, 15000 гектардан астам жерге бақша дақылдарын, 2000 гектар алқапқа мақта дақылын және 3000 гектардан астам алқапқа мал азықтық дақылдарын егіп үлгерді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егу науқаны әлі де қарқынды жалғасуда.

Жетісай ауданы бойынша ерте егілген қырыққабат дақылының өнімін жинау науқаны басталды. Бүгінгі күнге 1200 тонна өнім жинақталды. Қырыққабат дақылының өнімдерінің басым бөлігі Ресей, Белоруссия елдерімен қатар еліміздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларына және басқа да облыстарға жөнелтілуде.

Ауданда өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өте маңызды мәселе. Қайта өңдеу саласын дамытсақ сонда ғана шаруалар өндірілген өнімін өткізу, оның бағасына алаңдамай жұмыс істейтін болады. Біздің атақаратын жұмыстарымыздың негізігі бағыттарының бірі осы сала. Биыл біз Жетісай қаласында жеке кәсіпкерлердің инвестициясы есебінен қуаттылығы 5 мың тонна құрайтын көкөніс сақтау қоймасын, Мақталы ауылдық округінен бақша өнімдерін қайта өңдейтін шағын цех ашуды жоспарлап отырмыз. Әрине бұл жеткіліксіз. Көкөніс, бақша дақылдарын қайта өңдеумен қатар, ауданымызда негізігі өндірілетін дақыл мақта дақылын қайта өңдеу саласын дамытуымыз керек. Сонда ғана біз жыл сайын қайталанатын мақтаның бағасына қатысты қиындықтарды шешеміз. Бұл бойынша көрші мемлекеттердің тәжірибесін пайдаланып, осы салаға инвесторларды тарту үшін жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарының қызу жүргізіліп жатқан кезде шаруалар үшін дизель отынының мәселесі өте өзекті мәселе, оның үстіне оның бағасы да қымбаттап кетті.

Шаруалардың көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін Жетісай ауданына 7020 тонна жеңілдетінген бағада дизель отыны бөлінді. Бөлінген жанар-жағар май ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына сәйкес бекітіліп, талон жүйесі арқылы шаруаларға «JOL YRYSY» ЖШС, ЖК «Әуезов», «РосАзияНефть» ЖШС, «TS Нефтьпродукт» ЖШС-тері арқылы 1 литріне 206 теңгеден шаруаларға тарату жұмыстары жүргізілуде.

Шаруалардың минералды тыңайтқыштар сатып алуға кеткен шығындарын өтеу мақсатында мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған. Бұған қол жеткізу мақсатында шаруалар бұрынғы жылдары ақылы негізінде жұмыс істеген «Qoldau.kz» электронды порталын қолданған болса, биылғы жылдан бастап тегін жұмыс істейтін «Gosagro.kz» электронды порталы іске қосылуда.

Жеңілдетілген тыңайтқыш бағасына базар нарығыдағы баға арзан дегенге келіспеймін. Себебі «КазАзот» АҚ 1 тонна аммиак селитрасының толық құны 192 мың теңге болса, мемлекет тарапынан әрбір тоннасына 82 225 теңгесі субсидияланып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеңілдетілген 1 тонна аммиак селитрасының құны 110 000 теңгені құрайды. Ал, базар нарғындағы аммиак селитарысының құны 200 мың теңге.

— Ауданға инвесторлар мен инвестиция тарту мәселесі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі болғандықтан бұл шаруа қалай өрбуде? Өзіңізге дейінгі аудан басшылары небір зауыттар мен өндіріс орындарын саламыз деген армандарымен бөлісіп кеткен жайлары бар еді. Дегенмен, нақты қолға алынып жатқан шаруалар мардымсыз. Ауданда өндіріс орындарын ашу бойынша нақты жоспарыңыз бар ма?

— Ағымдағы жылы азаматтардың жеке қаражаттары есебінен Ж.Ералиев ауылдық округінен құны 300 млн. теңгеге 10 мың тонналық «Тұран Мақта» ЖШС «Мақта шикізатын өңдеу зауыты» жобасын, Жетісай қаласынан құны 150 млн. теңге болатын «Тоқыма емес мата өндірісі» жобасын, Мақталы ауылдық округінен құны 175 млн. теңге болатын «Мақталы Жер» ЖШС «Тұқымдық шит өндірісі зауыты» жобасын жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.

Негізгі табысы аргосекторға байланысты ауданның егістік жерінің басым бөлігіне мақта дақылы егілетінін өзіңіз де жақсы білесіз. Аудан шаруаларының табысын арттыру үшін ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі де кезек күттірмейтін, күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бұл бойынша ауданға жан-жақты инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта өткен жолы көршілес Өзбекстан Республикасында мақта кластерін дамыту үшін инвесторлармен іскерлік кездесулер өткізіліп, екіжақты келіссөздер жүргізудің алғышарттары жасалуда.

Сонымен қатар, Жетісай қаласы­ның аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 га жерге алдағы уақытта бірқатар жобаларды – ойын-сауық орталық­тары мен заманауи сауда орындарын, қонақ үйлер мен спорт кешендерін, кинотеатрлар мен мейрамханалар, балалардың ойын алаңша­ла­рын, азық-түлік көтерме сауда орта­лықтарын салуға инвесторлар іздестірілуде. Ашылатын жаңа нысандардың есебінен жерлестерімізді тұрақты жұмыспен қамтысақ, сауда, ойын-сауық орталықтарына Жетісай ауданымен қатар көршілес Мақтаарал, Шардара, Келес аудандарынан 1 миллионға тарта тұрғындар мен келушілер есебінен ауданның экономикалық ахуалын жақсарту жоспарланып отыр.

Осы тұста айта кететін тағы бір жәйт – біздің ауданға инвестиция салуға ниетті кез-келген кәсіпкерге аудан әкімдігі барынша қолдау көрсетуге, жан-жақты сүйемелдеуге, кәсіпорын салушы азаматтарды қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етуге ниетті.

— Елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында қаншама жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар бөлінуде. Бүгінге дейін мұндай мемлекеттік қолдаудан жетісайлықтар да тысқары қалған жоқ. Дегенмен, шағын кәсіпкерлікті кеңейтуге бағытталған қайтарымсыз грант алған кәсіпкерлердің дені мал шаруашылығы мен тәтті нан немесе тігіншілік саласын дамытуды жоспарлаған. Осы орайда неге кәсіпкерліктің бағыттарын түрлендірмеске. Осындай көкейкесті сұрақтар Сізді де мазалауы мүмкін деген ойдамын. Өзіңіз кәсіпкерлікті бетке алған үміткерлерге қандай бағыт-бағдар берген болар едіңіз?

— Елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар берілуде. Айталық, осы жылдан бастап жастарға арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Бұл бастама кәсібін бастап, жұмысын кеңейтуге және ашуға үлкен мүмкіндік, қысқаша айтқанда жеңілдігі көп. Ал, қайтарымсыз гранттар бірнеше жылдан бері беріліп келеді. Дұрыс айтасыз, көпшілік азаматтар мал шаруашылығына алуда.

Біздер өндірістік мақсатқа арналған бизнес жобаларды жасауды ұсынып, насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Алайда, қолданыстағы қайтарымсыз гранттар беру қағидасында мал шаруашылығына немесе тәтті нан, тігіншілік т.б бағыт бойынша бизнес жоба жасауға болмайды деген тармақ жоқ. Яғни, азаматтар қандай саланы меңгере алады, тұрғылықты жері, сол жердегі халық саны, бейімділікке қарай бизнес жоба жасайды. Дегенмен, біздің тарапымыздан ұсыныстар айтылып жатыр. Өзім кәсіпкерлікті бетке алған үміткерлерге өндіріс, яғни, ауданымызға қажетті заттарды өндіру саласына және жаңа технологияларды іске асыру бағыттары бойынша жұмыс жасау керек деген бағытта ұсыныс айтар едім. Қысқаша айтқанда бастаған кәсіп даму керек, тоқтап қалмауы керек, бәсекелестікке төтеп бере алатындай сапада жұмыс жасау керек деп санаймын. Бұл бағытта ауданның кез-келген азаматына қолдау көрсетіп, көмек беруге дайынбыз.

— Жетісай қаласының маңынан 6 көпқабатты үйдің құрылысы басталғанымен, әлі күнге игілігін көру бақыты ешкімге де бұйырмай отыр. Себебі неде? Қашан пайдалануға беріледі? Үйсіз-күйсіз кезекте тұрған адамдарды қуантуға не кедергі?

— Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га жер телімі ішінен 5 қабатты 20 пәтерлі 4 тұрғын үй және 5 қабатты 60 пәтерлі 2 тұрғын үй құрылыстары 2019-2020 жылдан бастап жүргізілуде. 5 қабатты 6 тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстарының 80-85% орындалған, сонымен қатар, қазіргі таңда аталған 5 қабатты 6 тұрғын үйді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Аталған 80 га жер теліміне инженерлік инфрақұрылымдар (ауыз су, газ жүйесі, электр желілері КТП, кәріз жүйесі) құрылыстары жүргізіліп толық аяқталған. Сонымен қатар, 2022 жылы 80 га жер теліміне 110/35/10 кВ қосалқы станция құры­лы­сын салу үшін, тапсырысшы «Жетісай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесі тарапынан жұмыс жобасы әзірленіп, сараптамадан оң қорытындысы алынған. Жобаның сметалық құны 1 млрд. 300 млн. теңге. Аталған жобаны іске асыру мақсатында тиісті салалық басқармалардан қоры­тын­дылар алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы қарастыру үшін құжаттар топтамасы Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасына тапсырылған.

Қазіргі таңда, Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га жер теліміндегі 5 қабатты 6 тұрғын үйді және инженерлік инфрақұрылымдарды электр кернеуімен қамтамасыз ету үшін 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысын салуды қажет етеді.

Осыған орай, 2023 жылы «Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га жер теліміндегі құрылысы жүргізіліп жатқан 5 қабатты 6 тұрғын үйлерді» пайдалануға тапсыру үшін, яғни 200 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік желілерді, КТП және кәріз жүйелерін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 га жер телімінен 110/35/10 кВ қосалқы станция құрылысын салу үшін» әзірленген жұмыс жобасын іске асыру қажет. 110/35/10 кВ қосалқы станция құрылысына қаржы қаралып, пайдалануға тапсырылған жағдайда 80 га жер телімі электр кернеуімен қамтамасыз етіліп аталған 5 қабатты 6 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру мүмкіндігі туады.

— Елдің ішінде болып, ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып жүргеніңізден хабарымыз бар? Ел болған соң шешімін күткен мәселелер де көп. Жаңа Қазақстанның іскер азаматы ретінде айтыңызшы, Сіз үшін халық алдындағы уәде тек сөз ғана ма әлде жауапкершілік пе? Отыз жылдан бері басшыларға базынасын жеткізгенімен, нәтижесін көрмей отырған елді мекендер баршылық. Әрбір әкім ауысқан сайын үміттеніп, алдыңғы әкімдерге айтқан шағымдарын қайталаумен келеді. Айталық ауыз суға жарымай отырған ауылдар, ішкі көшелерін жөндетуге зар болған елді мекендер жетерлік. Бұған не айтар едіңіз?

— Ауданда күрмеуі шешілмеген өзекті мәселелердің бар екені рас. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Елді мекендерді аралау барысында тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды назарға алып, соның ішінде бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелерді бюджеттің мүмкіндігіне қарай шешіп келеміз.

Нақтырақ айтар болсақ, ауданда 2022 жылы 1 млрд. 418 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 65,7 шақырымды құрайтын 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 13,5 шақырымды құрайтын 11 көшесі 2023 жылға өтпелі.

Ал, биылғы жылы 1 млрд. 735 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі таңда, 3 млрд. 280 млн. теңгеге жалпы ұзындығы 93 шақырымды құрайтын 57 нысанның сметалық құжаттамалары жасалып, қаржыландыруды қажет етеді.

Сонымен қатар, аудандағы қала, кент, ауылдық округтерге қарасты  112 елді мекеннің (7 елді мекен шалғайда орналасқан) 1 елді мекенінде ауыз су құбыры жоқ, қалған 105 елді мекені орталықтандырылғын ауыз сумен қамтылған. 83 дана ауыз су ұңғысы мен 85 дана су мұнарасы, 24 су сақтағыш пен санитарлық қорғау аймақтары жұмыс істеп тұр.

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылға өтпелі Жетісай қаласының ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына өткен жылға облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 272 млн. 289 мың теңге, Жаңа ауыл ауылдық округінің Жаңа ауыл, Қарой, Ынтымақ, Атақоныс елді мекендерін сумен жабдықтау жүйелерін салу нысанына республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, Қазыбек би ауылдық округінің 2678 тұрғыны бар Құрбан ата елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына республикалық бюджеттен 422 млн. 778 мың теңге бөлініп, Ж.Ералиев ауылдық округінің 1967 тұрғыны бар Сейфуллин елді мекенінің ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарына республикалық бюджеттен 610 млн. 613 мың теңге бөлініп, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Одан бөлек, Мақталы ауылдық округінің Сарқырама, Дархан, Тың, Алтынсарин, Ж.Ералиев ауылдық округінің Жазықсай, Қызылқұм ауылдық округінің Қызылқұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге биылғы жылға аудандық бюджеттен 136 млн. 652 мың теңге, «Мембарана», «Омега» қондырғы­ларына және кәріз жүйелерін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 52 млн. 670 мың теңге бөлінген.

Осындай жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына қарай аудандағы орталықтандырылған су құбырымен қамтылған елді мекен­дердің санын 105-ке жетізу көзделген.

— Осыдан 3-4 жыл ілгеріде қайырымдылық қорына түскен қаражаттан Қазыбек би ауылдық округінде он екі отбасына үй салынып берілген болатын. Осы сауабы мол шаруа аяқсыз қалғандай ма қалай, сауап іс жасауға ниетіңіз қандай?

— Әрине, сауап іс жасау жақсы қасиет. Күні кеше «Нәр тамшы» қайырымдылық қор есебінен Жетісай қаласынан 1 отбасына тұрғын үй сыйға тартылды, одан бөлек, демеушілер есебінен қаламызда 16 пәтерлі тұрғын үй салынуда.

— Ел арасында газеттің дәуірі бітті деген де пікірлер бар екен, жас басшы ретінде газет саласының жұ­мысына көзқарасыңызды білсек.

— Қазіргі таңда барлық жаңалықтар әлеуметтік желіде жарияланып отырады. Дегенмен, жалған ақпараттардың да осы әлеуметтік желілер арқылы арагідік болса да жарияланып отыруы жасырын емес. Сондықтан, бүгінгі таңда газет бетіне сапалы және шынайы ақпараттар шығарылады, ол өз кезегінде нақты ақпараттарға көз жеткізуге септігін тигізеді. Өзім де қолым қалт ете қалса газет беттерін шолып шығамын. Мен айтар едім, газеттің дәуірі ешқашан бітпейді. «Ұлтын жоямын десең, ұрпағын сауатсыздандыр» деген даналықтың мағынасы терең. Сауаттылық пен мәдениеттің бір бөлігі газет оқуда жатыр.

А.ТАСТАНБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *