Серіктестік – сапалы білімнің кепілі

Білім – қоғамның қозғаушы күші, ал ұстаз – оның жүрегі. Осы орайда, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдап, озық тәжірибені кеңінен тарату мақсатында №66 “Мырзашөл” тірек мектебінің бастамасымен №74 жалпы білім беретін мектеп және №68 “Жібек жолы” жалпы білім беретін мектептері бірлесе отырып, “Педагогтердің кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігін қалыптастыру – әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың басты шарты” тақырыбында мазмұнды дөңгелек үстел өтті.

Бұл алқалы жиын серіктес мектептер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, тәжірибе алмасудың таптырмас алаңына айналды. Мұғалімдер қауымы педагогикалық шеберлікті арттырудың заманауи әдістерін қарастырып, жаңа инновациялық тәсілдерді енгізу бойынша өз ойларын ортаға салды. Әдістемелік жұмысты жүйелі жүргізу – білім сапасын арттырудың басты тетігі екені тағы да дәлелденді.

Жиында Жетісай ауданының тірек мектептерінің ұйымдастырушысы, инновациялық жұмыс жөніндегі әдіскер Алтынай Қазманбетова сөз сөйлеп, 2024-2025 оқу жылының ІІ жартысына арналған маңызды жоспарларымен бөлісті. Ол серіктес мектептердің бірлескен жұмысына жоғары баға беріп, ұстаздарға шығармашылық табыс тіледі.

Дөңгелек үстел барысында педагог-зерттеуші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шамшат Шаншарова, химия пәнінің педагог-зерттеушісі Салима Барболова, жаратылыстану ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші Айсапар Торгаутова, педагог-логопед Инобат Эшматова өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды пікірталас жүргізді. Мұғалімдер өз пәндеріндегі үздік әдістемелік тәсілдерін ұсынып, педагогикалық жетістіктері жайлы сөз қозғады.

Бұл шара серіктес мектептердің жұмысына жаңа серпін беріп, білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен қадам болды. Ұстаздардың кәсіби деңгейін жетілдіруге бағытталған осындай басқосулар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз. Өйткені, бірлесе еңбек ету – сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеудің кепілі!

№66 «Мырзашөл» жалпы білім беретін мектебі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *