Таза табиғат – жарқын болашақ

«Таза Қазақстан» акциясы аясында «М. Шоқай атындағы №26 жалпы білім беретін мектеп» КММ-де мектеп қызметкерлері үнемі мектеп аумағын тазалау жұмыстарын жүргізеді. Мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу. Сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Бұл, ел Президенті атап өткендей, «уақытша акция емес, бұл маңызды жоба жыл бойы жалғасуы тиіс». Қоршаған ортаның сапасы мен ластануы туралы, сыртқы ортаның барлық факторларының бір-біріне байланыстылығын оның ішінде біз және табиғат байланыстылығын жас ұрпаққа білуге үйрету. Мектеп аумағында 400-ге жуық ағаш бар. Ағаш түрлері: Ақтерек, көктерек, қарағаш, келіншектал, қараған (акация), жиде, сырғатал, шырша, шаған т.б. гүлдің түрлері: Юка, ирис, канн, раушан гүлдері, саны – 80-нен астам. Осы жылы 100-ден астам ағаш көшеті, 14 дана гүл көшеті отырғызылды. Көшеттер отырғызуға уақыт болғандықтан 50-60 дана көшет отырғызамыз деген жоспар бар. Табиғат – қоғамның қорғаны. Алғашқы қауымнан қазіргі ғарыш дәуіріне дейін адам баласының өмір сүруге қажет барлық мұқтажын табиғат өз қазынасымен жомарттықпен өтеуде. Ауладағы ағаштардың бұтақтары қырқылып, жапырақтардан тазартылды. Сенбілік әр аптада өткізіледі.

Балаларды тәрбиелейтін ата-ана мен ұстаздар өте сауатты, жан-жақты білімді болуымен қатар экологиялық тәрбиенің қалыптасуына өз үлестерін қосуы керек. Бұл көбіне білім беру ұйымдары басшыларына, олардың экологиялық мәдениетінің деңгейіне, қоршаған табиғи ортаны қорғау мақсаттарына қаншалықты көңіл бөлініп жатқанына байланысты. Осы ретте мектеп директоры У.Примбекованың басшылығымен оқушыларды табиғатты аялау бағытындағы экологиялық тәрбиенің білім ошағында насихатталуы жоғары деңгейде десек артық айтқандық емес. Мектепте үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан түрлі шаралар (сынып сағаттары, флешмобтар, дөңгелек үстелдер, сайыстар, сенбіліктер т.б.) осының айғағы. 

Экологиялық тәрбие беруді әр түрлі жолдармен жүргізуге болады. Осының арқасында балалардың экологиялық сана-сезімі өсіп, көтеріледі. 4 сынып оқушылары (сынып жетекшілері Б.Умирзакова, Г.Батырханова) сынып сағатында «Табиғатты аялайық», «Таза Қазақстан» тақырыбында сынып сағаттарын өтті. 2-б сынып жетекшісі М.Искендирова оқу­шыларымен «Таза табиғат-жарқын болашақ» тақырыбында флешмоб өткізді. Экологиялық тәрбие экологиялық білім берумен толықтырылады. Бәріне ортақ принципі бойынша экологиялық тәрбие мен білім беру қоғамның барлық мүшесін қамтуы керек. Алайда, жоғарыда айтылғандай, экологиялық ағарту жұмысы тек оқытумен ғана шектелмеу керек.

Экологиялық тәрбие тал бесіктен басталуы керек. Табиғатты аялау, су мен энергияны үнемдеу сияқты қара­пайым қағидаттарды өскелең ұрпақ бойына сіңіру – уақыт талабы. Табиғатты қорғауды өз үйіңнен бастауға болады, бұл – суды үнемдеп жұмсау, оның ластануын төмендету, ауаны ластайтын зиянды заттары жоқ нәрселерді қолдану, т. б. Сөйтіп экологиялық мәдениеттің басы — отбасында түзіледі.

Түрлі шаралар мен табиғатты қорғауға арналған іс-әрекеттермен бала жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатсақ, әрі экология жақсаруына үлес қосуымыздың бастамасы болмақ. Жастайынан бойына отансүйгіштік сезімін сіңіріп өскен бала қоршаған ортасын ластамай, басқаларды да соған үндейді деп сенемін.

Б.АУЕЛБЕКОВ,

директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *